Басты бетЖаңалықтарДіни экстремизм...

Діни экстремизм мен лаңкестіктен қорғану амалдары колледжде түсіндірілді

Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжінде діни экстремизм мен лаңкестікті болдырмау туралы дәріс өтті. Дәрісті Алматы технологиялар университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Қайырлы Оспанов оқыды.

Экстремизмге қарсы үгіт-насихат жүргізіп, әсіресе жастардың иммунитетін байытып, бекіту керек. Дәріс жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың көзін ашуға бағытталған, — дейді Қайырлы Оспанов.

Алматы қаласының дін істері басқармасы мен Алматы әкімдігінің қолдауымен құрылған дәріскерлер тобы 1 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді. Олар Алматы тұрғындарына, кәсіпорындарда, оқу орындарда, еңбек ұжымдарына барып, діни экстремизм мен терроризмді болдырмау туралы дәріс оқып жүр.

діни экстремизм
Фото: Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжі

1-курс студенттеріне діни экстремизм мен терроризм туралы қазақ және орыс тіліндегі 3 видеоролик көрсетілді. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлхан Жұмағұлованың айтуынша, түрлі ұлт пен дін өкілі білім алатын оқу орны үшін мұндай дәрістің маңызы зор.

Біздің колледжде әртүрлі ұлт пен дін өкілі білім алады. Сондықтан мұндай дәрістер студенттер арасында сыйластық пен түсіністіктің нығаюына мол пайдасын тигізеді, — дейді ГҮЛХАН Жұмағұлова .

Дәріс соңында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, жауап алды.

Мен бүгінгі дәрістен өзімді мазалаған бірнеше сұрақтың жауабын алдым. Еліміз көпұлтты, көпдінді болғандықтан ондағы әртүрлі дін мен ұлт өкілі тату өмір сүруі керек. Негізі ата-анадан артық ақылшы жоқ. Сондықтан жат адамның сөзіне еріп, бұзақылық жасау еліңе істеген қастандықпен тең деп ойлаймын, — дейді  колледждің 1-курс студенті Нұрай Болысбай.