Басты бетЖаңалықтарАлматыда жергілікті...

Алматыда жергілікті атқарушы органдарды цифрландыру күні өтті

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының Smart City жобасы аясында Қазақстанның 5 қаласында жоспарланған цифрландыру күні Алматыда да өтті. Шараға Алматы, Астана әкімдіктері, Алматы облысының әкімдігі және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі қатысты.

Жергілікті атқарушы органдардың цифрландыру күнінде Алматы көлік, білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік салаларының бас мамандары атқарылған, іске асып жатқан және жоспарланған цифрландыру жобалары туралы есеп берді. Оларға IT саласының мамандары мен әртүрлі компания өкілдері сұрақтар қойып, Smart City жобасын дамыту мақсатында пікір алмасты.

Сонымен қатар аймақтарды цифрландыру күнін Қазақстанның 5 қаласында: Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент және Алматыда өткізу жоспарланған. Соңғы цифрландыру күні Алматыда өтті. Онда Қазақстанның өзге де өңірлерінен тәжірибе алмасуға әкімдік қызметкерлері келді.

Алматы өңірі Қазақстан бойынша барлық салада жетекші орындарда келеді. Сондықтан біліктілік арттыру есебінде, облысымызда цифрландыруды одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында Маңғыстау облысынан келдім. Біздің өңірде әлі цифрландыру күні өткен жоқ. Алматыдан кейін жоспарлауымыз мүмкін, — дейді Маңғыстау облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысының орынбасары Бекнұр Балиұлы.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Smart City жобасы аясында өткен цифрландыру күнін «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» ұйымдастырды.

Шарада жергілікті атқарушы органдар атқарылған, іске асып жатқан және жоспарланған жобалары туралы баяндады. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында өзге аймақтың жергілікті атқарушы орган өкілдері де шақырылды. Олардан бөлек IT, start-up компаниялар және цифрландыруға қатысты барлық мекемелер қатысты, — деді Алматы дамыту орталығы цифрландыру кеңсесінің көлік жүйесі мен қауіпсіздікті цифрландыру жобаларының жетекшісі Бауыржан Шадаев.

Жергілікті атқарушы органдарды цифрландыру күнін ұйымдастыру — әкімдіктерге де, ІТ-қауымдастыққа да өңірлерде осы бағытта шешілмей жатқан мәселелерді тату атмосферада бірлесіп талқылау және тиісті шешім шығару үшін жасалған мүмкіндік.

Алматыдағы аймақтарды цифрландыру күннің соңында көлік, білім, денсаулық, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және қауіпсіздік салаларын цифрландырудағы мәселелер талқыланды.