Шенеуніктерден құралған ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі әшкереленді

Алматы облысында облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты.

Оның мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау жөніндегі арнайы операцияны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюроның Алматы облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірге жүргізді. Операция нәтижесінде облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысы орынбасарының жетекшілігімен әрекет еткен тоғыз күдікті ұсталды.

Өзінің қылмыстық әрекетіне ол қарамағындағы 4 адамды — инспекцияның бас мамандарын тартқан. Оған қоса, қылмыстық топқа Алматы бойынша көліктік инспекциясының 4 маманы да қосылған. Қылмыстық схеманы іске асыруға барлығы 9 адам қатысқан, арасында көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары да бар. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ болып Алматы облысы мен Алматы автомагистраль жолдарында ірі габаритті жүк тасымалдау ережесін бұзу бойынша әкімшілік шара қолданбау үшін жеке көлік компанияларынан жүйелі түрде пара алып отырған. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің ай сайынғы табысы шамамен 6 миллион теңге болған, — деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі.

Қазіргі уақытта барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу жүріп жатыр.

ДереккөзZakon.kz