Жемқорлық жайлы хабар берген адамға қанша ақша төленеді?

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов жемқорлыққа қатысты дерек жөнінде ақпарат берген азаматтарға қандай мөлшерде сыйақы төленетінін айтты.

Оның айтуынша, сыйақы сомасы мен оны тағайындау тәртібі ҚР Үкіметі бекіткен жемқорлық құқықбұзушылық дерегі туралы хабар берген немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қандай да бір көмегін тигізген тұлғаларды ынталандыру ережесімен регламенттелген.

Біржолғы ақшалай сыйақы түрінде ынталандыру мынадай мөлшерде белгіленеді: жемқорлық құқықбұзушылық туралы әкімшілік істер бойынша — 30 АЕК; онша ауыр емес жемқорлық құқықбұзушылық туралы қылмыстық істер бойынша — 40 АЕК; ауырлығы орташа жемқорлық құқықбұзушылық туралы қылмыстық істер бойынша — 50 АЕК; ауыр жемқорлық құқықбұзушылық туралы қылмыстық істер бойынша — 70 АЕК; аса ауыр жемқорлық құқықбұзушылық туралы қылмыстық істер бойынша — 100 АЕК, — деді ол интернет-конференция барысында.

1 АЕК мөлшері 2018 жылы 2405 теңге болып белгіленгенін еске сала кетейік.

Олжас Бектенов жекелеген жағдайларда ынталандыру мөлшері алғысхатпен марапаттау немесе алғыс жариялау түрінде де белгіленетінін айтты. Агенттік төрағасы орынбасарының айтуынша, 2018 жылдың 6 айы ішінде сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабар берген 82 адамға жалпы көлемі 12 миллион теңге болатын сыйақы төленді.

ДереккөзInform.kz