Атырау автобустарында онлайн төлем жүйесі іске қосылады

Онлайн төлемдер үшін қалаға 200 төлем құрылғысы әкелінді. Бұл туралы Атырау әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді. Наурыз айынан бастап Атырауда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында автобустардағы төлем қызметін автоматтандыру бойынша жұмыс басталған болатын. Қазіргі таңда жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. 15 қыркүйектен бастап №14, №5 автобустарда онлайн төлем жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады.

Бүгінде «Смарт ЖКХ» мекемесі 6 тасымалдаушы мекемемен келісімшартқа отырды. 200 төлем құрылғысын 1 қазаннан бастап барлық автобустарға орнатуды жоспарлап отырмыз. Мақсат – қоғамдық көліктердегі ашықтықты қамтамасыз ету. Құрылғы күнделікті түскен қаражатты, жолаушылар санын автоматты түрде есептеп, жүйеге енгізіп отырады. Жиналған қаражат есебінен төленетін салық та ескерілетін болады, — дейді Мейірім Қалауи.

Пилоттық жоба кезінде жолаушылар төлемдерді құрылғы арқылы қолма-қол төлейді. Жүйе тұрақты іске қосылғаннан кейін арнайы төлем карточкаларын енгізу жоспарланған. Жол қатынасы кезінде жеңілдік алатын студенттер, зейнеткерлер және басқа тұрғындарға арнайы карточкалар дайындалады. Құны — 300 теңге және бір реттік жүру бонусы бар.

Электрондық төлем Астана мен Алматыда оффлайн түрде іске қосылған. Біздің жүйенің өзге қалалардан артықшылығы – онлайн төлем. Бұл арқылы кез келген жолаушы туралы ақпарат енгізіледі, автобустар бір-бірімен байланыста болады, күнделікті жұмыстары қорытындыланып отырады. 9 түрлі төлем болады: қолма-қол, карточкалар, Bluetooth, NFC қосымшасы бар смартфондар, смс xабарлама арқылы, тағы басқа, — дейді «Смарт ЖКХ» мекемесінің өкілі Ерлан Нұрланұлы.

Жаңа құрылғымен қоса, қыркүйек айының соңында қалаға 20 жаңа автобус келеді. Жыл соңына дейін тағы 100 автобус әкелінеді. Жаңа автобустарда төлем құрылғысы орнатылған.