Басты бетЖаңалықтарАстанада ІІІ...

Астанада ІІІ Халықаралық оқу конгресі өтіп жатыр

Астанада «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбындағы ІІІ Халықаралық оқу конгресі өтіп жатыр. Шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырды.

Екі күнді қамтитын жиын барысында оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибесі, кітап және кітап мәдениетінің мәртебесін көтеру мәселелері талқыланады. Қазіргі таңда қоғамның назарын кітап оқу мәселелеріне аударуға, оқу феномені сауалдарын, оның ішінде кітапхана және ақпарат технологияларын пайдалану бағытында жұмыс істеуге баса назар аударылады.

Сонымен бірге кітапханалық менеджмент пен маркетинг, оқырмандардың мәдени құзыреттілігін жақсарту мен интеллект әлеуетін дамыту мәселелері қарастырылады.

Іс-шараға әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Кадзуо Исигуро, танымал жазушылар Георгий Пряхин, Януш Вишневский сынды өзге де шетелдік зиялылар, ал елімізден Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Байбота Қошым-Ноғай, Маралтай Ыбыраев және Бақытжан Қанапияновтар қатысып жатыр.

Ақын-жазушылардан өзге конгресс жұмысына Кітапхана ассоциациялары мен мекемелерінің халықаралық федерациясы (ИФЛА), Еуразия Кітапхана ассамблеясы (БАЕ), Ресей кітапхана қауымдастығы (РБА), Түркітілдес елдердің ұлттық кітапханаларының және туысқандық қоғамдастық қауымдастығы (ТюрКЮБир) өкілдері, халықаралық мәдени ұйымдар, қоғам және саясат қайраткерлері, ғалымдар, ұлттық кітапханалар мен облыстық кітапханалар басшылары, оқырмандар, кітапханашылар, оқытушылар мен студенттер қатысып жатыр.

Конгреске облыстық кітапхана қызметкерлері Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасына 650-ден аса электрондық кітап көшірмесін әкелді.

Бұл шараның биыл Астананың 20 жылдығына орай өткізіліп отырғаны баршаңызға мәлім. Елордамыздың мерейтойына байланысты қазір көптеген мәдени іс-шара барлық өңірде жан-жақты өткізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының бұл жолғы халықаралық жобасы «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбындағы Халықаралық оқу конгресіне ұштасып отыр. Бүгінгі шараның мақсаты  — кітапхананы ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында заманауи үлгіде қызмет ететін қоғамдағы маңызды орын ретінде қарастыру. Екі күндік халықаралық шара барысында оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибесі, кітап оқу мәдениетінің рөлі, оқырмандардың кітап оқу мәдениетін жетілдіру мәселелері кең көлемде талқыланады. Кітап — қоғам мен адамның арасындағы маңызды фактор. Ел қатарлы мемлекет болудың рухани-мәдени көрсеткіштері осында жатыр. Кітап арқылы келешек ұрпаққа бүгініміз тарих болып жазылып, ертеңгі мұра болып қалмақ. Кітаптың оқырманға жететін қасиетті орны кітапхана екендігі ертеден белгілі. Ұлттық мәдени кодымыз оқу арқылы қалыптасатыны да сөзсіз. Демек, оқу әлеуметтік қарым-қатынас формуласының бірі ретінде қалыптасқан. Ертеңгі күніміз бүгінгі күнге байланысты. Сондықтан да оқуға жан-жақты бейімделу аса қажет, — деді Халықаралық оқу конгресінің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев.

«Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбындағы ІІІ Халықаралық оқу конгресінде екі күн бойы мына тақырыптар талқыланады:

• оқу мәдениеті, кітап пен оқуды насихаттау, оқуды тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуының құралы ретінде қарастыру;

• әдебиеттегі жаңа үрдістерді түсіндіру, қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы шығармашылық интеллигенцияның рөлі, әлемге ұлттық әдебиетімізді насихаттау;

• жаһандану жағдайында кітапхана технологияларын трансформациялау, кітапхананың маркетингтік басқарылуы, кітапханалық қызмет пен ақпараттық ресурстарды насихаттау;

• отбасылық оқудың дәстүрлері мен инновациялары.

Конгресс бағдарламасы пленарлық отырыстан және секциялардағы жұмыстан, сонымен қатар дәрістерден, тақырыптық талқылаулардан, треннигтер мен шеберлік сыныптарынан тұрады.

Жиын барысында Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр.

Ал жиналыс жұмысының қорытындысы бойынша материалдар жинағы шығарылады.

Конгрестің пленарлық отырысына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ғалым-түрколог Әбдуақап Қара (Түркия, Стамбұл), ғалым, аудармашы Хуан Чжонсян (Пекин, Қытай), жазушы, журналист Георгий Пряхин  (Мәскеу, Ресей) және Италия, Македония, Египет, Иран, Индия, Испания, Пәкістан, Түркия, Әзірбайжан, Беларусь, Франция елдерінің ақын-жазушылары қатысады.

Шараға арнайы қонақ ретінде Шыңғыс Айтматовтың халықаралық қорының президенті Асқар Айтматов, маркетинг коммуникациясының маманы, бизнесмен, блогер Ержан Рашев, баспагер, журналист, бизнесмен, блогер Бейбіт Әлібеков, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдениет және өнер туралы «Содружество искусств» мемлекетаралық ақпараттық-талдамалық журналының бас редакторы Андрей Блиок, Армениядағы «Комсомольская правда» және «Аргументы недели» газеттерінің директоры, «Иравнук» газетінің жарнама бөлімінің бастығы Вартан Аствацатарян, сонымен бірге Бразилия, Венгрия, Грузия, Болгария, Қырғызстан, Корея, Молдова, Латвия, Ресей ұлттық кітапханаларының директорлары шақырылған.

ІІІ Халықаралық оқу конгресіне алғашқы күні әлемнің 26 елінен және Қазақстанның барлық облысынан қонақтар келді.