Базар мен мешітте дін мен ұлттық дәстүр жарасымы түсіндірілді

Алматыда қалалық дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен сауда орталықтары мен діни мекемелерде діни қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат пен қазақтың ұлттық дүниетанымы туралы түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мүшелері «Кенжехан» сауда орнында және «әл-Мәдина» мешітінде болды.

«Кенжехан» базарында болған кезекті кездесуде теолог-дінтанушы Асылтай Тасболат діни экстремизмнің ұлтқа төндірер қаупі туралы айтты.

Қазір не көп? Діндар боламыз деп ұлтынан, тілінен, отбасынан, ата-анасынан жеріген адам көп. Қазір не көп? Сырттан келген шейхтардың дегеніне көніп, тамырынан ажыраған қазақ көп. Сіздерді де сондай топтарға қосылып кетпесін деп, осындай кездесулер сериясын өткізіп жүрміз, — деді Асылтай Тасболат.

Кездесуден соң азаматтарға парақшалар таратылды.

Ал Maxima және «Саудакент» сауда орталықтарына жақын орналасқан «әл-Мәдина» мешітінде Асылтай Тасболат жамағатқа бидғат ұғымын және оның ұлттық дәстүрден айырмашылығын түсіндірді.

Қазір кейбір бауырларымыз қазақтың ұлттық дәстүріне бидғат деп қарайды. Олардың ойынша тұмар тағу, тұсау кесу, шілдехана жасау, жеті шелпек пісіру, адыраспанмен аластау дегендердің бәрі — бидғат, яғни адасушылық. Бірақ қазақ жеріне ислам діні келгелі қаншама ғұлама өтті. Олардың ешқайсысы аталған дәстүрлерді, жоралғыларды бидғат деп айтпаған. Ешкім оларды жоққа шығармаған. Ұлтымыздың ұлттық құндылықтарына ширк деп тіл тигізбеген, — деді дінтанушы.

Айта кетейік, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Дін мен дәстүр» жобасын атқарып жатыр. Жоба аясында азаматтарға қазақ халқының ұлттық құндылықтары дәріптеледі. «Адырна» бірлестігі мешіттер мен жоғары оқу орындарында көптеген кездесу шарасын ұйымдастырып, ұлттық музыкалық концерттер өткізіп келеді.