Басты бетБілімҚазақстандағы "Яндекс.Лицей"...

Қазақстандағы «Яндекс.Лицей» оқушыларды қабылдайды

Қазақстандағы «Яндекс.Лицей» оқушыларды қабылдауды бастады. Бұл — программалауды үйренем деушілерге арналған тегін курстар. Лицейге түсу үшін 9 қыркүйекке дейін мына сауалнаманы толтырып, онлайн-тестілеуден өту керек. Сыннан өткен балалар сұхбаттасуға шақыру алады.

«Яндекс.Лицейге» 8-9-сыныптан бастап түсуге болады. Жас шамасына қарамастан оқушылар жалпы бағдарлама бойынша екі жыл оқиды. Олар Python тілін меңгереді, бұл — жаңадан үйренушілерге арналған, IT-компанияларда және ғылыми ортада бірдей талап етілетін қарапайым тіл. Кейін олар алған білімін іс-тәжірибеде қолданады. Лицейде «Яндекстен» білім алған жергілікті тәжірибелі ұстаздар сабақ береді.

Қазақстанда «Яндекс.Лицей» осымен екінші жыл оқушылар қабылдағалы отыр. Өткен жылдың күзінде жоба Республикалық физика-математика мектебімен (РФММ) әріптестікті бастап, екі жерде — мектептің Алматыдағы бас ғимаратында және Астанадағы филиалында оқушыларды оқытты. Лицейге оқуға түсуге 585 адам тапсырыс берді. Олардың ішінен 60 оқушы ғана қабылданды. Күзде олар оқуын жалғастырады, ал көктемде оқуды бітіруге дайындалады.

Осы жылы «Яндекс.Лицей» мен РФММ әріптестікті жалғастыра отырып одан да көп оқушы қабылдауға дайын. Сабақ аптасына екі рет, сағат 15.00-ден кейін өтеді, сондықтан оны мектеп сабақтарымен бірге алып жүруге қиынға соқпайды. Оқу жылы қазан айының алғашқы күндерінде басталады.

Бұған қоса, «Яндекс.Лицей» Петропавл мен Оралдағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» АББҰ желісінің оқушылары үшін арнайы курс форматында жұмыс істейді. Оқуға түсу шарттарын сол оқу орындарынан сұрап білуге болады.

«Яндекс.Лицейде» оқушылар өнеркәсіптік программалауды үйренеді. Оқу барысында қарапайым бағдарламалардан бастап, күрделі топтық жобаларға дейін болады. Біздің жоба 2016 жылы пайда болды. Жыл сайын оның ауқымы кеңейіп келеді. Біз осы жылдың көктемінде бірінші түлектер шыққан Калуга, Пенза, Саратов және Тамбов қалаларынан бастаған едік. Қазіргі таңда біз 58 қалада қабылдау бөлімдерін аштық

, — дейді «Яндекс.Лицей» директоры Марина Суслова.

«Яндекс.Лицей» «Яндекс» компаниясының 10 жылдық тарихы бар білім беру жобасы — Деректерді талдау мектебінің қатысуымен құрылды. Студенттер мен жоғарғы оқу орнын бітірген түлектерге арналған мектепте машиналық оқыту, компьютерлік көру сияқты қазіргі заманғы компьютер ғылымдарының басқа да бағыттарын оқытылады. 2007 жылдан бастап Деректерді талдау мектебі IT-индустрия үшін қазір ресейлік және шетелдік компанияларда қызмет етіп жатқан 600-ден астам маманды даярлады. Сонымен қатар мектеп Ұлттық зерттеу университетінің «Экономика жоғары мектебінің» 2014 жылы ашылған компьютер ғылымдары факультетінің оқу жоспарын дайындауға қатысты.