Астана әкімдігі алдындағы қызмет көліктерінің орнына такси пайда болды

Бүгін Астана әкімдігі алдындағы тұрақта қызмет көліктерінің орнында такси пайда болды. Әкімдіктің ресми сайтының хабарлауынша, көлік тұрағынан таксиге арнайы орын бөлініп, сары жолақпен сызылды. Бұл жерде осындай барлығы 10 орын болады.

Біз автокөлік тұрағын шектейтін сары жолақтар сыздық. Сонымен бірге көлік қоятын 10 орын бөлдік — бесеуі оң жағынан және тағы соншасы сол жағынан, біз оларды 5.14 жол белгісімен белгіледік. Бұл белгі мұнда такси ғана қойылады дегенді білдіреді. Басқа автокөліктерді бұл жерге орналастыруға тыйым салынады

, — деді «Астана көлік қызметкерлері ассоциациясы» ЗТБ төрағасы Медет Құрманов.

Енді қалалық басқармалар мен төрт аудан әкімдігі қызметкерлерін А пунктінен Б пунктіне Astana Taxi – ZheBe, «Тұмар», Drivers, Vector және басқа таксомотор компаниялары тасымалдайды. Бүгін қала алаңында «Кенгуру» ЖШС компаниясының такси-автокөліктерінің кілті табыс етілді. 50 су жаңа JAC S3 автокөліктері Astana Taxi инвестициялық жобасы аясында қызмет көрсеткелі отыр. Мемлекеттік қызметкерлер Қазақстанда шығарылған автокөліктерді мінеді.

Такси қызметімен айналысатын бизнес-қоғамдастық үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы — ол ең әуелі BtG (Мемлекетке арналған бизнес — авт.) есебінен нарық көлемінің ұлғаюы және келешектегі тұрақты даму. Бірыңғай такси қызметі жобасы екі жыл бұрын іске қосылды. 3,5 миллион жолаушы тасымалданды, клиенттер көлікте ұмыт қалдырған 150 түрлі зат иесіне қайтарылды. Таксомотор компанияларының қатары 20%-ға артты, жалпы жылжымалы парк 15%-ға, қызмет көрсетілетін клиенттер саны күніне 30%-ға артты

, — дейді Медет Құрманов.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба — мемлекет пен бизнестің өзара әрекет етуінің табысты үлгісі. Мемлекет органдары бюджетті үнемдеу, қызмет сапасын арттыру сияқты бонустарға ие болса, бизнес үш есе пайда көреді: даму, бәсекелестікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Еске сала кетейік, Астана әкімдігі Қазақстанда тұңғыш болып қызмет көліктерінен бас тартып, оның орнына таксиді пайдаланып отыр. Бұл шараның көмегімен бюджеттің көлік қызметтері шығыны 5 жыл ішінде 1 миллиард теңгеге үнемделеді. Бұған қоса, 64 автокөлік бұрын жаңа көлік сатып алуға мәжбүр болып жүрген түрлі қалалық ұйымға беріледі.