Алматыда қоқыс сұрыптайтын жоғары технологиялы кешен іске қосылды

Алматының Алатау ауданында жылына 550 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық өңдей алатын сұрыптау кешені іске қосылды, енді полигонда тек инертті қауіпсіз және биоірігіш материалдар көміледі. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпорында қайта өңдеу үшін 50 мың тоннаға дейін картон, целлофан, әйнек, пластика, металл сияқты заттар сұрыпталады. Болашақта кешен жанынан шикізатты екінші қайтара терең өңдеу үшін қосымша қуаттарды жасау жоспарланған. Осы және қалдықтарды өңдеуді басқарудың кешенді жүйесін енгізу қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға ойдағыдай ықпал етеді.

Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек мұндай маңызды кешенді іске қосу қала үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін елеулі оқиға екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы жаңа технологияларды енгізе отырып кәсіпорындардың тиімділігін ғана емес, сонымен қатар экологиялық жағдайын жақсарту қажеттігін тұрақты назарда ұстап отыр және елімізде қабылданған цифрландыру бағдарламасы да осы бағытта жүзеге асып жатыр. Бұл кешен — озық технологияның үлгісі әрі 2017 жылғы ЕХРО-ның негізгі мұраларының бірі. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасы бойынша қолға алынған, 5,4 миллиард теңгеге инвестормен 25 жылға келісім жасалды, ал қала жер бөліп, барлық инженерлік коммуникацияны жүргізді

, — деді Бауыржан Байбек.

3,9 гектар аумаққа әкімшілік блок, Ұлыбританияда жасалған арнайы техниканың гаражы және Италияның озық қондырғыларымен жабдықталған негізгі өңдеу бөлмелері орналасқан. Кәсіпорынды іске қосу барысында 530 тұрақты жұмыс орны пайда болды.

«Тәртіп» АҚ басқарма төрағасы Айбек Рахимов қала әкімдігі мен жеке инвесторлар консорциумы арасында ұзақ мерзімге жасалған келісім кәсіпорынның барынша тиімді жұмыс атқаратынының озық моделі болатынын айтты. Қазіргі кезде «Тәртіп» АҚ қала бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартудың 70%-ын қамтиды. Компания балансында 236 техника бар, қоқыс тасымалдайтын барлық көлікте GPS жүйесі жұмыс істейді, планшеттер арқылы қоқыс алаңындағы жағдайлар түгел көрінеді. Ұзақмерзімді келісімнің негізгі тармақтарының бірі — автопаркті үнемі жаңарту және жұмыс процесін автоматтандыру. Қазірдің өзінде Евро-4 стандартының 30 машинасы сатып алынды және бағыттарды диспетчерлеу жүйесі енгізілді.

Елімізде іске асып жатқан оң өзгерістердің және жеке компаниялар консорциумы мен қала әкімдігінің бірігіп жасаған келісімнің арқасында біз өте қысқа мерзімде, яғни жоба макеті талқыланған бір жыл ішінде маңызды кешенді іске қостық. Кәсіпорынның басты мақсаты – болашақта қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту. Біз бұл кешеннің өзгелерге, соның ішінде көрші елдерге үлгі болатынына сенімдіміз, олар үлкен қызығушылық танытып отыр, өңірдің одан әрі өркендеуі үшін дамытуды жалғастыра береміз

, — деді GREEN RECYCLE ЖШС директоры Дмитрий Данильченко.

Еске сала кетейік, бұған дейін білім беру қызметкерлерінің тамыз мәслихатында Алматы әкімі Бауыржан Байбек қалада цифрландыруға негізделген экономика қалыптастырамыз деп мәлімдеген еді.