Жансерік Бейсеев
Жансерік Бейсеев. Фото жеке мұрағаттан.

Жансерік Бейсеев, Таңғы ақпараттық бағдарламалар дирекциясының жетекшісі:

«26 жылдық тарихы бар жобаға түбегейлі өзгеріс енгізіп, жаңалық әкелу әсте мүмкін емес. Қалыптасқан дәстүрі бар таңғы-ақпараттық бағдарламаның жаңа телевизиялық маусым алдындағы басты міндеті – тыңғылықты дайындықпен келу. Ең бастысы, көрерменнің сұранысын қанағаттандыру. Шығармашылық топ ізденуден жалықпайды. Жаңа идея, тартымды сюжет, тосын ой арқылы көрерменге жақындай түседі. Бұл жолы да «Таңшолпанда» жағымды жаңалықтар көп болмақ. Соның бірі — көрермен көзайымына айналған жүргізушілеріңіз экранға оралады.»

 

Абзал Чапаев
Абзал Чапаев. Фото: Qazaqstan ұлттық телеарнасы.

Абзал Чапаев, Qazaqstan ұлттық телеарнасының режиссеры:

«Биылғы жаңа маусымға «таңшолпандықтар» әдеттегідей қызу дайындықпен кірісті. Демалыс уақытында еліміздің курорттық аймақтарында арнайы түсірілім жүргіздік. Мұндағы мақсат – ішкі туризмнің дамуына атсалысу. Қалыпты студияның орнына қазақ жерінің тұмса табиғатын пайдалануды жөн көрдік. Одан бөлек, жексенбілік эфир де көрермен назарына ерекше форматта ұсынылады. Бағыт анық, мақсат – айқын. Соның арқасында ғана біз халықтың ыстық ықыласына бөленіп, еңбектің нәтижесін көре алмақпыз.»

Ирина Тен
Ирина Тен. Фото: Qazaqstan ұлттық телеарнасы.

 Ирина Тен, «Таңшолпан» таңғы ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі:

«Өзімді сүйікті ісін тапқан бақытты адамдар қатарына жатқызамын. Бірақ кейде үзіліс жариялап, көкжиекті кеңейтуге де тиісті көңіл бөлу керек. Ол үшін миды күнделікті жұмыстан толық босатып, қалыптасқан «жайлы аймақтан» шығу керек деп ойлаймын. Бізге жылына бір рет күш жинап, жаңа серпінмен жұмысқа кірісуге мүмкіндік беріледі. Оны сәтті пайдаландым деп ойлаймын. «Таңшолпан» ұжымы әдеттегідей жаңа маусымға сақадай сай. Жеке өз басым арнайы әзірлік жасап, шетелдік медиаорталықтардан тәжірибе жинақтап қайттым. Алдағы уақытта жаңаша леппен, тың күшпен жұмысқа кірісемін. Жаңа маусымда бізді не күтіп тұр? Ол — әрине, ерекше позитив, креатив идеялар. Өзгесі әзірше жұмбақ болып қала берсін.»

Баян Бақкелді, «Таңшолпан» таңғы ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі:

«Демалыстың қадірін білетіндердің алдыңғы қатарында таңғы бағдарламаның жүргізушілері тұруы заңдылық. Әр

Баян Бақкелді
Баян Бақкелді. Фото: Qazaqstan ұлттық телеарнасы.

жазды, онымен бірге келетін еңбек демалысымызды бірнеше ай бұрын аңсап жететініміз рас. Таңғы ұйқы қанық, ми тыныш, ой таза. Ешқайда асығып, ештеңеге үлгерудің қажеті жоқ. Жазда туған жерге барып, ауылдың алаңсыз өміріне тамсанып қайттық. Ауасын жұтып, суын ішудің өзі — рақат, үлкендердің ғибратты әңгімелері мен ақ баталарына жетер мотивация жоқ. Алғашқы апта – эйфория, кейінгісі – қалыпты жағдай, келесісі – толғаныс. Жақсы дүниенің орнымен болғаны дұрыс, демалыс – сондай дүние. Соңына қарай жұмысыңды, елең-алаң тіршілікті сағына бастайсың, жазбен бірге қамсыз күндер де көзден бал-бұл ұшады. Айтпағым, әр жаңа маусымды әрдайым үлкен толғаныспен күтемін. Жаңа жасым сияқты әрбіріне жаңа мақсаттар мен міндеттер қоямын, жоспарлар жасаймын. Сенсеңіздер, демалыста ерте тұруды, ұжымдық қызу жұмысты, «Қайырлы таң, Қазақ елі!» деп айтатын сөзімді, көрерменнің телефон қоңырауын, ауылдан жазылатын үшбу хат пен әлеуметтік желіде қабылданатын достық ұсынысын, көңілді жиналыстар мен әріптестердің әзілін сағынып қалдым. Жаңа маусымда ұлттық арнаны таңдаған әр шаңыраққа баянды бақ тілеуге асықпын!»

Берік Көшербек
Берік Көшербекұлы. Фото: Qazaqstan ұлттық телеарнасы.

Берік Көшербекұлы, «Таңшолпан» таңғы ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі:

«Әр таңды жақсы көңіл-күймен қарсы алуға себепкер болып келе жатқан бағдарламаға атсалысып жүргеніме биыл — тура 10 жыл. Сондықтан жаңа маусымның мен үшін жөні бөлек. Аптасына алты күн эфирге шығатын бағдарламаны дайындап, көпшілік назарына ұсыну оңай емес. Эфир барысы, оның сәтті шығуы тек жүргізушіге байланысты десеңіз, қателесесіз. Экран алдында сөйлейтін жүргізуші болғанымен оның артында — әрбір іс-қимылыңды қалт жібермей дәлдікпен түсіретін студия операторлары, эфирді әуенмен әрлейтін дыбыс режиссеры мен өзге де техникалық қызметкерлер, жүргізушілердің мәтінін жазатын сценаристер, оны түзеп-күзейтін, артығын алып, жоғын түгендейтін шеф-редакторлар. Сюжет жасап бір тынбайтын тілшілер, осының барлығын ұйымдастыратын продюсерлер күнұзақ тынымсыз еңбек етеді. Тікелей эфирдің сәтті шығуы да — осы мамандардың біріккен еңбегінің нәтижесі. Бағдарламаның негізгі артықшылықтарының бірі: күн сайын екі қаладан, Астана мен Алматыдан, алма-кезек тікелей эфирге шығады. Осы үрдіс жаңа маусымда да жалғасады. Әдеттегідей Алматы студиясы арқылы көрерменмен қайта қауышпақпын. Бірақ жалғыз емес».

Айта кетейік, шығармашылық топ 365 күннің шамамен 288-ін, яғни 864 сағатын «Таңшолпан» бағдарламасын дайындауға жұмсайды. Жыл сайын «Таңшолпанның» қонақжай төріне 1500-ден астам мейман келеді, 3 мыңға жуық арнайы дайындалған бейнематериал көрермен назарына ұсынылады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!