Батыс Қазақстан облысында екі жаңа мектеп ашылды

Облыстың 2018 жылғы нақтыланған білім беру бюджеті 60,4 миллиард теңге болды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 2,7 миллиард теңгеге артық. Қаржы көлемінің өсуі білім ошақтарының көп салынуына оң ықпал етіп отыр. Таяуда Жайық өңірінде жаңадан екі мектептің ашылуы — сөзімізге айғақ.

Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылында салынған жаңа мектептің алғашқы қоңырау салтанатына Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова қатысты. Бөрлідегі көмірсутегі шикізатын өндіруші «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг БВ» компаниясының қаржыландыруымен жергілікті мердігер — «Наурыз» құрылыс компаниясының жұмысшылары өткен жылдың маусым айында мектептің іргетасын қалап, жаңа білім ошағының құрылысын бастаса, биыл жаңа оқу жылына  заманауи үлгіде салынған 198 орындық мектептің құрылысы аяқталып, шәкірттеріне есігін айқара ашты. Мектептің құрылыс жұмыстарына 635,7 миллион теңге қаражат бөлінген.

Мектепке Назарбаев зияткерлік мектебі үлгісімен жаңартылған білім мазмұнына сай аудандық білім бөлімі есебінен 2 миллион 600 мың теңгеге жаңа форматта безендірулер жасалып, «Наурыз» компаниясы есебінен жиһаздармен толық жабдықталған. 14 кабинет интерактив тақтамен қамтылған. Облыстық білім басқармасы жаңа мектепке тарту ретінде 3 BILIM BOOK қондырғысын орнатып берді. Дәліздерге мектеп ұжымының күшімен «Рухани жаңғыру» алаңы, «Қысқы бақ жасақталған. Мектеп түлектері «Туған жерге тағзым» бағдарламасына кірген «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы шеңберінде 10 домбыра сыйға тартты. Алдағы оқу жылында домбыра үйірмесін ашу жоспарланып отыр.

Облыс орталығынан шалғай жатқан шағын ауыл мектебінің білім жетістігі ерекше. Атап айтқанда, былтыр мектеп бітірген 8 оқушының үшеуі «Алтын белгіге» ие болса, жетеуі мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, студент атанды. Биыл бірінші сыныпқа 13 бүлдіршін қабылданған.

Тағы бір қуанышты жаңалық Зеленов ауданында болды. Білім күні қарсаңында республикалық бюджет есебінен Дариян ауылында 300 оқушыға арналған мектеп 100 орындық интернатымен бірге пайдалануға берілді.