Жайық өңірі жастары өлкетануға құштар

Жастарды туризмге тәрбиелеу, өз өлкесін тануға үйрету — Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған негізгі өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

16 тамыз күні Қазталов ауданының «Рухани орталығында» «Туған жер» бағдарламасы, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында орталығында» Жайық өңірінің барлық ауданынан келген туризм және экология мамандары бас қосты. Тамыз мәслихатын шеңберінде өткізілген басқосу барысында қонақтар «Рухани орталықтың» жұмысымен танысты, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Одан кейін «Рухани жаңғыру» залында Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, Халықаралық балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының академигі Виктор Фоминмен аудан жастары, кіші бағдарлама жетекшілері мен мұғалімдер қатысқан қызықты кездесу болды. Кездесу барысында Виктор Фомин өзінің республика көлемінде құрылған туризмді дамыту жөніндегі жұмыс комиссиясының мүшесі екендігін айтып өтіп, күні бүгін облыс, республика шеңберінде туризмді дамыту турасында қолға алынған жоба-жоспарлар туралы толық мәлімет берді.

Қазіргі таңда БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы еліміздегі өзі тақылеттес орталықтардың арасынан көш бастап тұр. Алдағы уақытта Қазақстан тек шикізат көздеріне сүйенбей (мұнай, газ, т.б) ішкі туризм мен жалпы туризмді дамыту керектігін айтқан Фомин басқосу соңында қатысушылар қойған сауалдарға жауап беріп, Қазталов аудандық «Рухани орталығына» фотоаппарат сыйға тартты. Өз кезегінде «Рухани орталық» жетекшісі Мирбол Адайәлі қадірменді қонаққа ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық ұсынды. Фомин Қазталов ауданында бағдарлама аясында қолға алынған жұмыстарды оң бағалап, орталық ұжымына сәттілік тілеп, меймандар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды.