Астана оқушылары жолақыны 15 қыркүйекке дейін қолма-қол төлей алады

Астанада оқушыларға қоғамдық көлікте жолақыны қолма-қол 40 теңгеден төлеу 15 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл туралы ақпаратты Астана көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы хабарлады.

Барлық оқушы бірдей жеке көлік картасын алып үлгермегендіктен ата-аналардың өтініші бойынша осындай шешім шығарылып отыр.

Мектеп оқушылары үшін 15 қыркүйекке дейін қалалық маршруттарда жеке көлік картасымен де, қолма-қол төлегенде де жолақы 40 теңге, ал экспресс-маршруттарда 90 теңге болады.

Оқушылар үшін қоғамдық көліктерде жүру қыркүйек айының екінші жартысынан бастап басқаша тәртіппен жүргізіледі. Жол жүру құны 7 мен 15 жас аралығындағы балалар үшін әдеттегі қалалық маршруттарда қолма-қол ақшамен 90 теңге, көлік картасымен 40 теңге, экспресс-маршруттарда көлік картасымен 90 теңге, ал қолма-қол ақшамен 125 теңге болады.

7-ден 15 жасқа дейінгі балалар атаулы көлік картасын алуға құқылы. Оқушы көлік картасын өзі оқитын мектептен ала алады. Картаның бастапқы шығарылымы тегін. Мектеп картасын жоғалтқан жағдайда қайта шығару құны — 400 теңге.

Мектеп көлік картасы нақты бір оқушыға беріледі және оны үшінші тұлға пайдалана алмайды.

Сонымен қатар ата-аналар мектеп көлік картасын өздері ала алады. Бұл үшін Қажымұқан көшесі, 14-үй мекенжайында орналасқан Орталық кассаға бару қажет. Ата-ананың қолында баланың туу туралы куәлігі, бала оқитын оқу орнынан анықтама, баланың 3х4 фотосы (баланың өзі болмаған жағдайда) болуы қажет. Тегін мектеп көлік картасын алуға арналған анықтама елорданың барлық білім ұйымында 15 тамыздан бастап беріліп жатыр. Анықтама болмаған жағдайда оқушы картасының бағасы 400 теңге тұрады.

Сонымен бірге жеке мектеп көлік картасын қала маңында тұратын оқушылар да ата-анасымен бірге барып арнайы кассалардан 400 теңгеге сатып алуына болады. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы ата-аналарды осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін баланың жеке көлік картасын алуға шақырады.