Басты бетЖаңалықтарАлматы көшелері...

Алматы көшелері 1 қыркүйекке дейін жөнделіп бітеді

Оның ішінде 140 көшеде жұмыс толық аяқталған. Мердігерлер оқу маусымы басталғанша тас жолдарды тегістеп бітуі тиіс. Қазіргі таңда тегістелмеген 17 көше ғана қалып отыр. Ол тамыз айының аяғына дейін жасалады. Одан бөлек, тозған трамвай рельстері алынып, веложолақтар салынып, жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Атап айтсақ, Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай рельстері алынды. Ұзындығы 15 шақырымнан асатын темір жолдардың орны тегістеліп, асфальт төселді. Шойын жолдардың жалпы ұзындығы 64 шақырым болса, оларды түгелдей ашу жұмысы 2019 жылы аяқталмақ. Ал теміржолдар алынған көше бойларына веложолдар сызылды. Бүгінде веложолақтың жалпы ұзындығы 78 шақырымға жеткен.

Алматы қаласы бойынша үш көлік жолайрығы салынып жатыр. Олар: Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында, Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысында және Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күре жолының қиылысында салынып жатыр. Құрылыс 2019 жылдың желтоқсанында аяқталады

, – деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық Телібаев.

Сонымен қатар Назарбаев даңғылының бойы түгелдей жаңарады. Бас-аяғы 7 шақырым аумақты қамтитын даңғылдың қос бетіндегі жаяу жүргіншілер жолына толықтай кеспе тастар төселінеді. 80 мың шаршы метрді қамтитын аумақтың 20 мыңы көгалдандырылмақ. Ал даңғыл бойында орналасқан барлық шамдар соңғы үлгіде жаңарады. Содан кейін жүргіншілер жолының бойына 200 орындық орнатылып, әрқайсысының қасына қоқыс жәшігі қойылмақ. Оған қоса, 3 субұрқақ жасалады.

Назарбаев даңғылын үшке бөлдік. Бір жартысына Қостанайдан әкелінген кеспе тастар, бір жартысына граниттер, бір жартысына Алматыдан шығарылатын кеспе тастар төселеді. Жол бойына газон жасалады және кішкентай ағаштар мен гүлдер отырғызылады. Осылайша Назарбаев көшесі әсем көшеге айналады.

, – деді құрылысшылар тобының жетекшісі Әділхан Әбдіғапаров.

Қазір Тимирязев көшесінде де жұмыс қауырт. Мұнда БРТ желісі іске қосылмақ. Осы арқылы қоғамдық көліктер еш кедергісіз жүйтки алады. Желі іске қосылғаннан бастап солға қарай бұрылуға рұқсат етілмейді. Қоғамдық көліктер жолдың ортасымен, ал жеке машиналар көшенің қапталымен жүретін болады.

Тимирязев көшесіндегі жөндеу 1 қыркүйекте аяқталады. Мұнда тек асфальт төселіп қана қоймай, барлық коммуникация ауыстырылып, троллейбус желісі де жасалып жатыр

, – деді жол-құрылыс компаниясының вице-президенті Александр Шевелев.

БРТ желісінің алғашқы кезеңі 8 шақырымнан асып жығылады. Бұл жоба Мұстафин, Сүлейменов, Жандосов, Тимирязев көшелері бойымен Желтоқсан көшесіне дейін салынады. Ал БРТ желісінің екінші кезеңі Желтоқсан көшесінің бойымен Төле би көшесіне дейін, Төле би көшесінен Шығыс айналма жолына дейін жүргізіліп, Шығыс айналма жолы арқылы қала шекарасына дейін ұзартылмақ.

ДереккөзZakon.kz