Қазақ қоғамында «Шаш – адамның көркі», «Шашы қысқа қыздың ақылы да қысқа», «Жігіттер шаш өсірмеуі керек, қыздар қимауы керек» деген түсінік қалыптасқан. Өзінің шаш үлгісімен ерекшеленетін журналист Аяна Ғабдуллина мұндай жаңсақ көзқарастағы адамдармен жиі ұшырасатынын айтты.
Жақында әлеуметтік желіде шашын тақырлап алып тастаған қыздың үйлену тойы елді біраз дүрліктірді. Оқушы күнінде қыздардың бәрі бұрымды болады. Қысқа шашты қыздардың бұрымымен қоштасуына түрлі оқиға себеп болады. Бұл стиль мен сәнге ден қоюға, қоғамның назарын өзіне аудартуға деген ниетке байланысты емес. Мысалы, Аяна қолаң шашын самбодан чемпион атану үшін құрбан еткен.
Чемпион болу үшін шашымды қиюға тәуекел еттім
15 жыл бойы самбо, яғни өзін-өзі қарусыз қорғау спортымен айналыстым. Дзюдодан Қазақстанның екі дүркін чемпионымын. Самбодан да екі дүркін чемпионмын.
17 жасымда Талдықорғанға олимпиадаға баратын болдым. Ол кезде шашым ұзын әрі қалың еді. Бірақ жаттығу кезінде кедергі келтірмейтін. Талдықорғанда өтетін жарысқа Ақтөбеден Алматыға екі күн бойы пойызбен, әрі қарай автобуспен бардық. Үш күн бойы жолда тамақ ішіп, салмақ қосып алдым. Жарыстың алдында салмақ өлшеу рәсімінде салмақ дәрежем көтеріліп кеткенін білдім. МЕНІ жарыстан шеттетпек болды. Жарысқа қатысу үшін бір сағаттың ішінде 1,5 келі салмақ қуу керек. Бір сағат бойы түрлі жаттығу жасап, салмақ тастауға тырысып бақтым. Небір диетологқа барып, жылдар бойы жаттығу жасап, артық салмақтан арыла алмай жүргендерді сонда түсіндім. Ал бір сағаттың ішінде 1,5 келіден арылу мүмкін емес. Қолдан келмеді. Бұл жарысқа қаншама жыл бойы дайындалдым. Қатты налыдым.
Сосын жаттықтырушым келді де: «Аяна, сенде екі таңдау бар: Не жарыстан шығАСЫң, болмаса шашыңды қиясың»,- деді. Жаспын ғой, ойланбастан тәуекел етіп, «шашымды қиям» дедім. Жаттықтырушым беліме дейін төгіліп тұрған қолаң шашымды түбінен ұстап тұрып, қайшымен қырқып алды. Қайта өлшеніп едім, салмақ дәрежем сәйкес келді. Осылайша спортта екінші рет чемпион атандым. Үйге келген соң анамнан оңбай таяқ жегенім есімде. «Мама, мама, бас аман болсын. Аман болса басым, қайта өсер шашым» деп қашып жүрген кездерім-ай,
— деп Аяна шашынан айырылған сәтті күліп еске алды.
Алғашында ашуланғанымен ата-анасы мен туыстары уақыт өте келе Аянаның бұл шешімін құптаған. Тіпті, «саған осындай қысқа шаш үлгісі жарасады» деп қолдау көрсеткендер көп болған.
Қыздар шашын қиған соң гардеробтағы киімдерінің, мінезінің, өмір сүру салтының өзгергенін айтып жатады. Аяна Ғабдуллина шашын қиған соң мұндай өзгерістердің болмағанын айтты.
Қысқа шаш өнер әлеміне жол ашты
Біз бұрынғы заманда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Заман өзгереді, заманмен бірге адам да өзгереді. Осылайша көзқарас та, киім үлгісі, өмір сүру салты да өзгеріске ұшырайды. Ертеде ата-бабаларымыз жапырақ жамылып, иен далада өмір сүрген. Егер ата-баба салтын сақтаймыз, дәстүрді сақтаймыз десек, неге қазір солай өмір сүрмейміз? Сол сияқты шаш үлгісі де, киім үлгісі де уақыт өте келе өзгеріп, өзгеше талғам қалыптасады. Бұл үшін адамдарды кінәлаудың, қоғамға қауіпті адам санаудың қажеті жоқ деп ойлаймын,
-дейді ол.
Аяна өзінің киім киісі мен шаш үлгісінің отбасындағы тәрбиесі мен ортасына байланысты емес екенін айтады. Ол қазақ отбасында тәрбиеленіп, қазақы салт-дәстүрлерді ұстанып өскен. Ал шаш үлгісі оның медиа мен шоу саласына келуіне себеп болған.
Арман қуып Алматыға келгеніме 10 жыл болды. Мұнда келген соң спортты тастап, өнер жолына бет бұрдым. Өнерге келуіме шашым себеп болды. Егер мен шашымды қимасам, көп қыздың бірі сияқты жүре беретін едім. Менің шашым менің фишкам болды. Шашым қысқа болса да, шаштаразға жиі барып, түрлі форма жасататынмын. Сол жағымдағы шашымды түгел қырып тастаған кездерім де болды. Мұның себебін сұрап, мені түрлі бағдарламаға шақыратын болды. Осылайша өнер саласына, журналистика саласына кіріп кеттім. Қазір 48 қаланы қамтитын «Русское радио Азияда» жүргізушімін. «Алматы» телеарнасында Lifestudio таңғы хабарын жүргіземін. Жақында ғана өзім армандап жүрген I am singer Kazakhstan бағдарламасының жүргізушісі атандым. Бұдан бөлек, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Сөйлеу техникасы» пәнінен дәріс беремін,
-дейді Аяна Ғабдуллина.
Қысқа шаш көп күтімді қажет етеді
Аянамен сұхбаттасу үшін біз оның үнемі шаш алдыратын салонына бардық. Ол шашын тек өзінің сенімді адамына ғана қидыратынын айтты. Қысқа шаштың әуресі ұзын шашқа қарағанда көбірек екен.
Құрбыларым: «шашың қысқа ғой, күтім көрсетудің қажеті жоқ, тарайсың да, жүре бересің» деп менің шашыма қызығып жатады. Мен олай айтпас едім. Керісінше, қысқа шаш ұзын шашқа қарағанда көп күтімді қажет етеді. Ай сайын шаштаразға немесе барбершопқа бару, өзіңе үйлесетін шаш үлгісін табу өте қиын
,- дейді кейіпкеріміз.
Өзім ай сайын Эмре Кардашханның шаш салонына барамын. Ол маған арнайы осы шаш үлгісін ойлап тапты
,- дейді Аяна.
Қоғаммен күресуден шаршадым
Шаш үлгісі — адамның өмірге көзқарасының көрінісі. Аяна Ғабдуллинаны ойландыратын оқиғалар көп. Өзін кейбір кереғар түсініктермен күресуге жалғыз өзімнің шамам жетпейді деп есептейді. Әсіресе, ол қазіргі көп жігіттің көзқарас-түсінігінен шаршағанын айтты:
Журналист, қоғам белсендісі болған соң көз алдымда болып жатқан оқиғаларға тыныш қарап отыра алмаймын. Бірде қазақ қыздарының Қытайға ұзатылып жатқанын көріп-білген соң әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялаған едім. Кейбір қоғамдық топтар қолдап жатса, кейбіреулер өзімді балағаттап, қарсы соғысқа шықты. Қарап отырсам, әлеуметтік желіде батырсынып отыратын қазақ жігіттері көбейіп кетіпті. Ер-азаматтарымыз майдаланып барады. Сондықтан қазақ қыздары бұрымын кесіп тастап, шалбар киіп, жігіттер атқаруы керек шаруаға кірісуге мәжбүр. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ әйелдерге сеніп алған жігіттер баршылық. Мен қоғамдағы осы үрдіспен күресуге көп әрекет жасадым. Бірақ қазақ қоғамы мені ренжітті. Сонда да әрбір қазақ бақытты болса екен, бай болса екен деп тілеуден шаршамаймын.