Алексей Луценко 2018 жылғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды

Бүгін Азия ойындарында велоспорттан жекелей сын аяқталып, қазақстандық Алексей Луценко тағы да жеңімпаз атанды.

Топтасып жарысуда мәреге бірінші келген Луценко жекелей сында да өз мықтылығын дәлелдеді. Ол 40 шақырымды 55.37.13 уақыт көрсеткішінде жүріп өтіп, Азиаданың екінші алтынын жеңіп алды.

Күміс жүлде иеленген өзбекстандық Мураджон Халмуратов біздің спортшыдан 1.33.39 секундқа, ал қола жүлдегер атанған жапониялық Фумиюки Беппу 1.42.07 секундқа қалып қойды.

Осылайша, Алексей Луценко Азия ойындарында екі мәрте топ жарып, Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені салды.

«Бүгін алтын алу үшін бар күшімді салдым. Аянып қалған емеспін. Велоспорттағы екі бәсекенің екеуінде де жеңімпаз атанған біздің команда Азия ойындарындағы бар міндетін толығымен атқарды десем, артық емес. Қазақстан құрамасы мен біздің барша жанкүйерімізді бүгінгі жеңіспен құттықтаймын! Азиада аяқталғанға дейін қоржынымызға әлі талай алтын түсетініне күмәнім жоқ», — деді Алексей Луценко Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына берген сұхбатында.

ДереккөзOlympic.kz