Маған ешкім Шоқан сияқты бол деген жоқ

«1995 жылы 13 шілдеде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. Есімімді Шоқан деп әкем қойған. Әкемнің аты — Уәлихан.

Қазақ ырымшыл халық қой. Әкем маған есім таңдағанда Шоқан Уәлиханов сияқты қазақтың ұлы тұлғасы болсын деген шығар. Бірақ маған ешқашан сенің есіміңді әдейі осылай қойдық, Шоқан атаң сияқты ғалым бол деп айтқан емес. Әркімнің өз жолы бар екенін ата-анам да жақсы түсінсе керек», — дейді жас әнші.

Бала Шоқанның Шоқан Уәлихановпен таныстығы мектеп табалдырығын аттаған сәтте басталыпты. Бірақ Шоқан ұлы тұлға туралы жеке ізденіп, өмірбаянына қызығушылық танытпағанын айтады. Ол ғылымнан гөрі өнер саласына көбірек қызыққан.

Шоқан Уәлихан
©saz-alemi.kz

Ұлы ғалымның есімі берілгенін ес білгенге дейін түсінбедім. Адамдармен танысқан сәтте аты-жөнімді айтсам, сенімсіздік танытып, «әзілдеп тұрған жоқсың ба?» деп сұрайтын. Мектепте Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлихановтың кім екенін білу міндетті ғой. Бірақ Шоқан Уәлиханов жайлы көп білуге тырыспаппын.

Арманда және амал жаса

Бала күнінде бәрі әнші немесе биші болуды армандайды. Шоқан да солардың бірі еді. Бірақ бұлай армандаған балалардың бәрі мақсатына жете бермейді. «Мақсатқа жету үшін не істеу керек?» деп сұрағанда Шоқан былай жауап берді:

«Әкем өнер саласында жүргеннен кейін мені де өнерге ерте баулыды. Әкем Уәлихан — музыкант, дауылпазшы. Мен де Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде ұрмалы аспаптар бөлімінде оқыдым. Әкем ешқашан «әнші бол», «сахнаға шық» деп айтқан емес. Қызығушылық қанда бар ғой. Кішкентай кезімде саусақтарым ойылып, қолым қанап кеткенше гитарада ойнай береді екем. Оны дәкемен орап, қайта жазылған соң қайта ойнайтынмын. Музыкаға деген махаббат осылай басталды.

Үлкен сахнаға алғаш шығуым — халықаралық «Бозторғай» байқауына қатысуым болды. Кейін «МузАРТ live», «Қазақстан дауысы» жобаларына қатыстым. Өнерлі қатысушылар көп болды. Біреу ерекше дауысымен, биімен, әнімен есте қалды. Осы жобада Мейрамбек Бесбаев ағамыз менің есімімнің ерекше екенін атап айтты. Жас әнші ретінде жылдам танылуыма белгілі бір деңгейде есімім де әсер етті.

©youtube.com

Адам баласы өмірге келгенде ата-анасын, есімін, болашағын таңдап алмайды. Барлығы Алланың бұйрығымен болады. Маған осындай ерекше есім бұйырыпты, өнерге жақын отбасында өмірге келіппін, менің әнші болуым да, осы күнге дейін қол жеткізген жетістігім де осы бұйрықтың нәтижесі шығар деп ойлаймын.

Ұстазым Нұржан Керменбаев: «Арманда, амал жаса, Алладан сұра» деген қағиданы үйретті. Барлығы ниетке байланысты. Амалдар да соған қарай жасалады. Бала күнімнен өнер адамы болуды армандадым. Мектеп сахнасында, ауыл клубында ән шырқадым. Барлық адамға 24 сағат уақыт беріледі. Оны қалай жұмсау керегін әркім өзі біледі. Адамның бай немесе кедей болуы, білімді не білімсіз болуы тек өзінің ниетіне байланысты. Әрине, ешкім кедей болсам екен, қайыршы болсам екен деп ниеттенбейді. Сондықтан, тек ниеттену жеткіліксіз. Ниетке қатысты әрекет жасау керек.

Өнеріміз той бизнестің деңгейінде қалып кетпесе екен

Қазір BN тобымен бірге Dostar production-да жұмыс істеймін. Директорымыз — Еркебұлан Молдашев. Жұмыстарымызды ұйымдастыруымен осы продакшн айналысады. Күнделікті ән жазып, бейнебаян түсірумен, концертте өнер көрсетумен айналысамыз.

Шоқан Уәлихан
©juldyz.kz

Қазақ халқы ертеден өнер саласын құрметтейді. Бірақ қазір той-томалақтың айналасынан шыға алмай қалған әншлер көп. Жас әнші ретінде менің оларға сын айтқаным дұрыс болмас. Ондай деңгейге жетпеген де шығармыз. Өнерге енді қосылып жатқан қатарластырымызға ұлттық өнерді, қазақ өнерін әлемдік деңгейге көтеру үшін әрекет жасайық дегім келеді.

Мені алаңдататын мәселе

Менің отбасымда әкем жұмыс істеді. Анам үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты. Үйде отағасының мәртебесі жоғары болатын. Анам әкемді құрметтейтін. Балаларының санасына да осындай отбасылық үйлесімді қалыптастырды. Қалаға келген соң көп отбасында бұлай емес екенін көрдік. Қоғамда түрлі жаңа құндылық пайда болды. Бірақ бәрінен отбасылық құндылық жоғары тұрса деп ойлаймын. Өзім бойдақпын. Сонда да жүрген ортамда, іні-қарындастарыма да қолымнан келгенше осы ойды сіңіруге тырысамын.

Махаббат әлде байлық?

Отбасы
Иллюстрация:Бекзат Исамбергенов:/Baribar.kz

Құндылықтар материалданып бара жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Байқап қарасам, қазір Қазақстанда қаражат табу, күнкөріс, әлеуметтік жағдай мәселесі бірінші орында. Жастардың кеш үйленуі, демографиялық ахуалдың нашарлауы да осыған келіп тіреледі. Көпбалалы отбасылар азайып кетті. Өз басым адамгершілік пен сезімді бірінші орынға қоямын. Отанға деген махаббат, отбасыңа деген махаббат, жарыңа деген махаббат материалдық байлықпен таразыға түскенде, бәрібір махаббат ұтады. Бұл «Адам өмір сүру үшін тамақ іше ме, әлде тамақ ішу үшін өмір сүре ме?» деген сияқты мәселе.

Адамның есімі тағдырына қалай әсер етеді?

Адам есімінің тағдырына әсері көп. Мысалы, менің Мұхаммед есімді досым бар. Оны «Миқон, Мұқа» деп атағым келмейді. Онымен қатты әзілдесуді де ерсі көремін. Себебі, ол пайғамбардың есімін иеленген. Оның іс-әрекеті мен мінез-құлқы да осыған сай. Сондықтан адамның есімі оған үлкен жауапкершілік жүктейді.

©juldyz.kz

«Атымды адам қойған соң» деп бәріміз өзімізге қойылған есімге лайық өмір сүруге тырысамыз. Қазір ортамызда Абай Құнанбаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Шоқан Уәлихановтар көп қой. Олардың бәрі дәл осы тұлғалардың жолын қайталауға тиіс емес. Алайда халқына адал болуға, қоғамға пайдалы болуға, атына кір келтірмеуге міндетті деп ойлаймын.