Елімізде жаңа көліктер қымбаттауы мүмкін

Доллар көтерілгелі автосалондарда баға өзгерген жоқ. Шетелдік көліктердің құны әзірге өсе қоймаған. Бірақ су жаңа темір тұлпарлардың жаңа партиясына жаңа баға қойылуы мүмкін.

«Қазір тұрған автокөліктерге тапсырысты біз қаңтар айында берсек, ол кезде доллардың бағасы 320 теңге болатын. Қазіргі уақытта 360 теңге. Сондықтан келесі жылдың басында келетін автокөліктер қымбат болатын шығар», — дейді MERCUR AUTO компаниясы сату бөлімінің менеджері Нұржан Мағзұмов.

Автомобиль сатушылар көлікті доллармен ғана емес, рубльмен де сатып алады. Рубльге қатысты теңге бағамы тұрақты. Сондықтан ресейлік көліктер құны сақталуы ықтимал. Бірақ бағам ауытқығалы автосалондарда сатып алушылар қарасы көбейіп, не азаймаған. Бірақ мамандар көлікті қазір алған дұрыс деп отыр.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу директоры Ербол Сейпілов: «Шетелден келген компоненттер бұрынғы бағамен кіргізілді де, сол бағамен сатылып отыр. Кейін доллардың қымбаттауына байланысты көліктер де қымбаттауы керек. Жарты жыл уақыт аралығында қымбаттауы мүмкін. Сондықтан жоспарлап отырған адамдар көлік алатын қазір алып алғаны жөн деп ойлаймын», -дейді.

Дегенмен мамандар отандық көліктер бағасы сақталады деп отыр. Биыл өндіріс 86%-ға артқан және 17 мың жүйрік тұлпар құрастырылған. Олардың жалпы құны шамамен 104 миллиард теңгені болады.

«Қазавтоөнеркәсіп» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферовтің айтуы бойынша, айтарлықтай алаңдаушылық жоқ. Бүгінгі таңда қазақстандық нарықтағы қолжетімді 10 көліктің бесеуі отандық.

Сонымен қатар темір тұлпарлар ғана емес, көлік бөлшектері де қымбаттайды деген болжам бар. Өйткені қажет құрал-саймандар да шетелден жеткізіледі.

ДереккөзАstanatv.kz