Басты бетЖаңалықтарАзиада-2018: жүзуден...

Азиада-2018: жүзуден Қазақстан командасы қола медаль жеңіп алды

Жүзуден Қазақстан командасы эстафеталық сында қола жүлдегер атанды.

Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 400 метрге кешенді түрде жарысудан Қазақстан намысын Дмитрий Баландин, Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин мен Александр Варакин қорғады.

Қазақстан командасы 3:35.62 уақыт көрсеткішімен үздік үштікке енді. Бірінші орынды Қытай, екінші орынды Жапония спортшылары иеленді.

Қазақстан жүзу спортынан эстафеталық сында соңғы рет Гуанчжоудағы (2010) Азия ойындарында жүлдеге іліккен болатын.

«Ең алдымен бізге демеу болған барша жанкүйерге алғыс айтамын. Эстафеталық сыннан кейін Азия ойындары біз үшін аяқталды. Көңіл-күйім мен қазіргі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені, мұндай көңіл толқитын сәт менде бұрын-соңды болмаған. Жекелей сынға түсу бір бөлек те, командаластарыңмен жүлдеге таласу мүлде бөлек. Командалас жігіттерге, бапкерлер қауымы мен басшылыққа алғысым шексіз. Азия ойындарында ел намысын қорғап жатқан спортшыларымызға тек сәттілік тілеймін», — дейді Әділбек Мусин.

«Таңертеңгі іріктеу кезеңі моральдық тұрғыдан айтарлықтай қиын болған жоқ. Ал финал басталар аздап қорқыныш билей бастады. Бәріміз жұдырықтай жұмылып, сақадай сай болдық. Дима біздің қайталанбас команда екенімізді айтты. Осы сөз ерекше рух берді. Мұндай сәтті енді қашан бастан кешіретінімізді білмеймін», — дейді Әділ Қасқабай.

«Барлық жігіт өз міндетін 150%-ға атқарып шықты десем, артық емес. Бәрімізде де медаль тақсақ деген үміт тұрды. Дима Баландиннің арманын орындағымыз келді. Себебі, ол осы эстафетада жүлде алуды баяғыдан армандайтын. Біз керемет нәтиже көрсеттік. Барша Қазақстан халқына рахмет!», — дейді Александр Варакин.

«Бізге жанкүйер болған адамдарға рахмет! Менің командама рахмет! Менің арманымды орындауға көмектескен жігіттерге рахмет! Өз командаммен мақтанамын!», — деді команда капитаны Дмитрий Баландин.

Еске сала кетейік, Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин биылғы Азия ойындарында бұған дейін 50 метрге және 100 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында екі қола медаль алған еді.