Бақытжан Сағынтаев Астанадағы нөсер салдары жайлы: 20 жыл бойы атүсті қарап келеміз

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев соңғы күндері нөсер салдарына байланысты елорданың коммуналдық қызметтерінің жұмысын күшейтуді тапсырды.

Үкімет отырысы басталғанда күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламас бұрын Бақытжан Сағынтаев Астанада жауған нөсердің салдары туралы сөз қозғады. Ол соңғы 1-2 күндері толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірқатар көше көлкіген судың астында қалғанын айтты. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер және автокөлік иелері зардап шеккен.

«Қоғамдық көліктің де қозғалысы қиындап кетті. Бұл мәселе жөнінде Елбасы тарапынан да бірнеше рет орынды сын-ескерту айтылған болатын. Қаладағы кәріз жүйесін түпкілікті шешу туралы тиісті тапсырмалар да берілген. Жалпы, қаладағы жағдайға толық жауап беретін ол — әкімдік. Оны бәріміз де жақсы білеміз. Сол себептен, табиғаттың осындай тосын мінезіне дайын болу үшін, коммуналдық қызметтердің жұмысының тиімділіг үшін де әкімдік жауапты екенін естеріңізге саламын. Қала тұрғындары қалалық коммуналдық қызметтердің нашар жұмысынан зардап шекпеуі қажет. Бізде Бауыржан Момышұлы даңғылы, Тұран даңғылы мен Ұлы Дала көшелерінің қиылысы, Бараев, Жастар шағынауданының су астында қалуы соңғы кезде қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты», — деген Үкімет басшысы қала әкімі Әсет Исекешевке осы мәселе бойынша қысқаша жауап беруді сұрады.

Әсет Исекешев қаладағы кәріз жүйесінің жұмысын жақсарту бағытында қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтып берді. Әсет Исекешевтің жауабын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев Астанадағы автобустың ішіне су кіріп кеткен жағдайды еске салды.

«Бірінші кезекте өте қиын көшелерде алдын ала жұмыс атқарып, тазалап қою қажет. Жұртшылықтың айтып отырғаны мәселесі — осы. Кәріз жүйелерін, су жиналатын құдықтарды да дер кезінде тазалау мәселелерін қолға алып, әр жауын жауған сайын су астында қалатын аймақтарда енді қайтып мұндай жағдайлар болмауы үшін кешенді шараларды дайындау керек. Өткен аптада сіз Астананың бесжылдық кешенді жоспарының бағдарламасын айтып өттіңіз. Оны Елбасыға да дайындадыңыз. Бірақ соның ішінде кәріздің осы жауын-шашыннан кейінгі жұмысына баса назар аудару керек. Асқар Ұзақбайұлы (Мамин — Премьер-министрдің бірінші орынбасары), кешенді жоспарды Үкіметке шығарғанға дейін тағы да бір қарап шығыңыз. 20 жыл бойы бұл мәселеге атүсті қарап келдік десе де болады. Жауын өткеннен кейін бәрі де ұмытылып қалып жатыр», — деді Үкімет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Астанада 21 тамызға қараған түні жауын-шашынның айлық мөлшері түскені хабарланған еді.