Басқа өңірлердегідей, Шымкентте де қант бағасы шарықтай түскен. Сауда орындағылар бағаның апта сайын көтеріліп отырғанын айтады. Қазір көтерме саудада 25 келілік құмшекер 6 200 теңгеге сатылуда. Ал дүкен сөрелерінде 1 келісі 270-тен 300-ге жетіп жығылады екен. Кейбірі тіпті, одан да қымбатқа сатып алғанын айтуда. Баға әсіресе, көпбалалы отбасыларға ауыр тиген.
«Біз сияқты кедейлерге қайдан, қалта көтермейді. Үкімет қайда қарап отыр өзі? Әкім не деді? Оразада арзан болады деп. Қайдан, Оразаның өзінде баға көтеріліп кетті», — дейді көпбалалы ана Нұрипа.
Семейде де айналасы 4-5 күнде қант бағасының үстіне 100 теңге қосылып, саудалана бастапты. Қант тапшылығын сезінген саудагерлер бағаны удай қылып 230-дан 350 теңгеге дейін аспандатып жіберген. Тіпті кешкі уақытта сауда орындары мен дүкен сөрелерінде тұрған қанттарды алып тастап, қажет маусымда құмшекерді қол жетімсіз етуге дейін барған саудагерлерді халық кінәлайды.
Дегенмен, тосап қайнататын мерзімде көнбеске амалдары таусылған тұрғындар бағаға қарар емес. Ал, тосап қайнату мерзімінде қанттың бағасының көтеріліп кетуі қол жетімді болып тұрған жеміс-жидек сатушыларының да ашуын тудырып отыр.
Павлодар қалалық әкімдігі көтерме саудасындағылардың өзара сөз байласу мүмкіндігін де жасырмапты. Қала билігі Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасымен бірлесіп, Монополияға қарсы департаментіне хат та жолдапты. Ал бөлшек сауда жасаушылар болса, бағаның алдағы уақытта тағы көтерілетінін айтады.