Фото: baribar.kz

Қазақта астың төресі ет болса, табақ кәденің төресі – бас тарту. Қонақ шақырып, мал сойып, ет асқанда, әрбір қонаққа тартылатын сыбаға жіліктерді қазанға салғанда оған аса мән берген. Мәселен, кәделі мүшелерді үлестіруде үлкен үстеме мағына бар.

Асылған еттің мүшелері мен жіліктерін арнайы бір адамға ұсыну қандай да бір ниет қылу, жастарға тәлім-тәрбие беру және бағыт-бағдар көрсету үшін жасалған.

Жылқының басы екі, ал сиырдың басы үш бөлікке бөлінеді. Ірі қара малдың тұмсығы шабылып тасталады.

Ірі малдың басын шапқан кезде оның миын шашып алмау керек. Егер асылған шекенің миы орнында болмаса, сол үйдің иесі олақтығы үшін үлкен сынға ұшырайды.

Ал қойдың басын тазалау қиынырақ. Ірі қара малдың бас құйқасын сыпырып, аршып тастағандықтан ол таза болып тартылады. Ал қойдың басы құйқа терісімен бірге қойылады. Сондықтан оны тазалап үйітуге және жууға баса назар аударған жөн.

Фото: baribar.kz

Үйітілген, жуылған қой мен ешкі басы жағынан айырылады. Содан кейін тісі қағылып, кеңсірігі тазаланып жуылады. Осы тұста ағынды судың астында көздің қарашығы ойылып, ағызылады. Қарашығы ағызылмаса, ол піскен кезде тастай болып қатып қалады. Ал көз кәделі мүшенің бірі болғандықтан мұндай ағаттықты жібермеген дұрыс.

Қой немесе ешкінің піскен басының маңдайы қасқаланып тілініп, бір құлағы кесіледі. Көнекөздер бұл бастың құйқасының дұрыс піскенін я піспегенін анықтау үшін жасалады деп түсіндіреді.

Кесілген құлақ сол үйдің кенжесіне ұсынылады. Оңтүстік өңірде бас екі құлақпен тартылатын болса, оны ерсі санайды. Ал еліміздің кей өңірлері екі құлақпен едірейген басты айыпқа бұйырмайды. Мәселен, Маңғыстау өңірінде бас екі құлақпен тартылады және бір құлақ бас табақтағы етті тураған жігітке беріледі. Құлақтың түбіндегі құйқа  – бастың ең ұзақ пісетін жері. Сондықтан бір құлағы кесіліп, маңдайы қасқаланған бас үй иесінің тексеруінен өтіп, әбден піскен, керемет ас екенін дәлелдейді. Ал асты  екі құлақпен тартатын өңірлер екі құлақтың түбін кесіп қояды екен. Дұрыс піспеген құйқа қызарып тұрса, оны ары қарай дайындығына дейін тағы пісіреді.

Фото: baribar.kz

Бас міндетті түрде бөлек табаққа салынуы тиіс. Басты нанның үстіне салу дұрыс емес. Бас тартылған қария оны өзі жеп тастамай, ауыз тиген соң жанында отырғандарға кәделерін үлестіре бастайды. Бастың бір шекесінен кәделеуді бастаған қария екінші жағына пышақты тигізбейді.

Бастың бір көзі ғана алынады. Екі көзі ойылған бас ары қарай дастарқан үстінде берілмейді. “Бас көзсіз жүрмейді” деген сөз осыдан қалған болуы керек. Қонақтар ас иесі де бастан ауыз тисін деген ниетпен бастың бір жақ бөлігін жемейді. Бастағы кәделі мүше құлақ үйдің кішілеріне бұйырады. “Құлағың әрдайым түрік болсын, ата ұлағатын ұйып тыңда, ақылына құлақ ас” деген сөздермен балаға құлақ ұсынылады.

Көз бастың ең кәделі мүшесі болғандықтан оны өзімен қатарлас, құрдас, сыйлы адамға ұсынады. “Бірімізді біріміз алыстан көріп, аманымыз түзу болсын” деп жатады. Ал кейбір жерлерде көз басқаша беріледі. Мәселен, бір кісі құдасының үйіне немесе басқа ауылға қыдырып барғанда бас ұстаса, перзентіне немесе басқа да жақын адамына көз қырын салып жүрсін деген ниетпен сол ауылға абыройы бар адамға көзді ұсынады.

Желкесін кесіп алып, жас та болса, бас болып жүрген табысты ер кісіге асатады. “Желкең күжірейіп, өссін!” дейді. Таңдайды алып, әнші болам деп ниет қылған қыз баланың немесе кішкентай ұл баланың алақанына ұрады, ол бірден шап беріп ұстаса, “жезтаңдай әнші бола ғой” деп, бата береді.

Фото: baribar.kz

Езуінен ұсақтап кесіп алып, жақын отырғандарға “езулеріңнен күлкі, жүздеріңнен қуаныш кетпесін” деп ауыз тигізеді. Ары қарай дастархан басында отырған сыйлы қонақтардың есімдері аталып, басты табағымен ұзатып жібереді.

Басты үлкен дастарханға апарудың да өз ережесі бар. Айталық, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зылиха Өмірбекқызы бастың маңдайын айқыштап тілу жол ашу дәстүрі деп түсіндіреді. Оның айтуынша, бастың тұмсығы мен желкесі қарияға қаратып ұсынылмайды. Қарияның алдына бас сол жақ шекесімен, кесілген құлақ жағына пышақ қыстырылған күйі қойылады. Кей жерлерде басты кәделеуге су жаңа пышақты қолданады, содан кейін ас иесінің шешімімен қария оны кәдесый ретінде иемденуі мүмкін. Ал басты кәделеп жүрген кісі арнайы бәкісін өзімен бірге ала келеді. Бұл қарияның жұрт алдында беделді ақсақал екенін білдіреді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!