Батыс Қазақстан облыстық Ғ.Құрманғалиев атындағы академиялық филармонияның камералық залында қазақ поэзиясы мен ән өнерінің өкілі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабақызы шығармашылығына арналған әсерлі ән-жыр кеші өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Алтай менен Ақжайықтың арасы» атты рухани кешке жыр сүйер қауым көптеп жиналып, ақынның сыршыл поэзиясы мен ән әлеміндегі өзіндік қолтаңбасымен қайта қауышты. Кеш атауының өзі қос өңір арасындағы рухани сабақтастық пен сағынышты айқын бейнеледі.
Әдеби-сазды кеш ақынның өмірі мен шығармашылық жолын танытатын бейнебаянмен ашылды. Сахнада оқылған лирикалық өлеңдер мен терең философиялық толғамдар көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, кештің көркемдік мазмұнын арттырды.
Іс-шара барысында филармония өнерпаздары Кенесары Болғанбаев пен Тұрлыхан Абуханов, сонымен қатар Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж студенттері өнер көрсетіп, кештің рухани мазмұнын байыта түсті. Жас буынның ақын шығармашылығына деген ықыласы ұлттық өнерге деген құрметтің айқын көрінісін танытты.

Ақсұңқар Ақынбабақызы — тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген сыршыл ақындардың бірі. Оның шығармаларында туған жерге сағыныш, ұлттық рух және адам жанының нәзік иірімдері айқын көрініс табады. Ақын Алтай қазақтарының ән өнерін дәріптеп, ұлттық мәдениетті дамытуға да үлес қосып келеді.
Кеш соңында облыстық академиялық филармония басшысы Бауыржан Халиолла ақынға алғыс білдіріп, құрмет көрсетті. Өнер иесіне алғысхат, гүл табысталып, иығына камзол жабылды.
Алтайдың асқақ жырын арқалаған ақынның шығармашылығы Ақжайық төрінде жаңғырып, көрермен жадында ұзақ сақталатын рухани кешке айналды.
