Спорттық шаралар «Асыл мұра» бағдарламасы аясында өтеді, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.
Құрбан айт мерекесінің бірінші күні барлық мешіттерде айт намазы оқылып, адамдар бір-бірін ақ дастарханға шақырады.
Спорттық шаралар орталық мешітте таңғы сағат 06:30-да айт намазынан кейін басталады. Мешітке келушілер қошқар көтеру, асық ату, бағанаға шығу, гір көтеру, ләңгі тебу, қол күресі сияқты спорт түрлерінен күш сынап, бағалы сыйлықтарға ие бола алады.
Ұйымдастырушылар балаларға арналған аттракциондар мен дәмді тағамдар дайындап, айт дастарханын жаяды.
«Асыл мұра» бағдарламасы мешітке келуші жамағаттар арасында бұқаралық спортты дамытуға арналған. Бағдарлама аясында жалпы жүлде қоры 1 миллион теңге болатын футбол лигасы өтіп жатыр. Қатысу тегін. Ойындар сенбі-жексенбі күндері Алматының футбол алаңдарында өткізіледі.