Денис Тен ісі бойынша үшінші күдікті — Жанар Толыбаева бұрын көлікті мас күйде жүргізгені үшін жүргізуші құқығынан айырылған. Бұл туралы сот құжаттарында айтылады.
2018 жылдың 7 сәуірінде сағат 03.30-да Қордайдағы Жібек жолы және Қазыбек би көшелерінің қиылысында Kia Shuma рулінде отырған Жанар Толыбаеваны полицейлер тоқтатқан. Сараптама оның орта деңгейде мас болғанын анықтады. Оның үстінен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлімі — «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша іс қозғалған.
Сот отырысында Толыбаева кінәсін мойындады. Қордай аудандық соты оны көлік жүргізу құқығынан 3 жылға айыру туралы шешім шығарды.
Денис Тен ісі бойынша күдіктілердің бірі 22 жастағы Жанар Толыбаева 27 шілде күні 2 айға тұтқындалған еді. Бас прокуратураның мәліметінше, ол мәнерлеп сырғанаушыға жасалған қылмысты біле тұра, құқық қорғау органдарына хабар бермеген. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов күдікті қыздың Алматыға Жамбыл облысынан келіп, даяшы болып жұмыс істегенін айтты.
Денис Тен ісі бойынша негізгі екі күдікті — Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов. Олар марқұмның көлігін тонағанын және спортшыны өлтіргенін мойындады. Екеуі де бұрын сотталған. Тергеу жалғасып жатыр.
25 жастағы даңқты спортшы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда қаза тапты.