«Қазгидромет» Ақтөбе және Қызылорда облыстарында ауа райының қолайсыз болатынына байланысты төтенше ескерту жариялады.
14 тамызда күндіз Ақтөбе облысының кей жерлерінде найзағай ойнайды, найзағай кезінде оңтүстік-батыстан және батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыс орталығында күндіз найзағай кезінде оңтүстік-батыстан және батыстан соққан желдің екпіні секундына 17 метрге дейін жетуі мүмкін.
14-16 тамызда Қызылорда облысының кей жерлерінде солтүстік-шығыстан және шығыстан секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Дауыл болу ықтималдығы — 95-100%.
Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер 14-16 тамыз күндері республика аумағында ауа райы қандай болатынын хабарлаған еді.
«Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктеріндегі нөсерлі жаңбырдан кейін ауа температурасы жоғарылап, аптап ыстық қайталанады. Иран аймақтарынан келетін тропикалық ауа райы республиканың қалған бөліктерінде де температураның артуына себеп болады. Ресейдің еуропалық аумағының оңтүстігінен жететін атмосфералық фронттар Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарына қарай ауысып, жаңбыр жауып, екпінді жел соғады» , — делінген хабарламада.