Басты бетЖаңалықтарКаспий теңізінің...

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды

Ақтауда Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысы өтті. Оған Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтер қатысты.

Қазақстан Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, негізгі баяндама жасаған Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөліне ерекше тоқталып, олардың келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс әкелгенін және қайшы ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілгенін айтты.

Қазақстан Президенті Каспий өңірі тарихының бірегейлігін әрі мәдениетінің алуан түрлілігін, мұнда адам ресурстарының мол екенін және бай табиғи қор шоғырланғанын, сонымен қатар теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

«Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғындардың жалпы саны – 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатысты мәселелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды», – деді Назарбаев.

Каспий маңы елдері президенттері Ақтау конвенциясына қол қойды. Назарбаевтың айтуынша, конвенция Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат болады. Қазақстан басшысы Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларды болдырмау және әскери қызметтер мәселелеріне айрықша назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев конвенцияға қатысушы елдер қызметтерінің негізін қалайтын қағидаттарға ерекше тоқталып, соның ішінде Каспий теңізі аймағын бейбітшілік, тату көршілік және достық өңіріне айналдыру қажеттігін, оны бейбіт мақсатта пайдаланып, елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу керектігін, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштер болмауға тиіс екенін айтты.

«Каспий теңізінің саяси тұрғыдан тұрақсыз аймаққа жақындығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінен өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауды талап етеді. Осыған орай әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бес жақты келісім жасауды ұсынамын», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін конвенция мен қол қойылатын құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіріп, конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсартуды да ұсынды.

«Каспий теңізінің керемет экологиялық жүйесін сақтау үшін биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жүргізу жөнінде арнайы құжат қабылдау қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев конвенцияға және бірқатар екі жақты құжаттарға қол қою Каспий маңы мемлекеттерінің достық қарым-қатынастарын көрсететінін және бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, Каспий теңізіне ұқыптылықпен қарау керектігін айтты.

«Мен әріптестеріме – барлық елдің басшыларына, конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар, бүгінгі жетістікке жетпес едік. Ақтау саммитінің қорытындылары арқылы Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге үлес қосылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.