Биылғы 5 айда еліміздегі онлайн сауда көлемі 100 миллиард теңгеден асты

2018 жылдың 5 айындағы көрсеткіш бойынша электрондық сауда нарығының көлемі 101 млрд теңге болды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 миллиард теңге болған, ол — бөлшек сауда айналымы көлемінің 1,2%-ы. Жедел деректер бойынша 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 миллиард теңгеге жетті және ол бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінің 2,9-%-ына тең болды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, нарықта шамамен 1700 интернет-дүкен жұмыс істейді. Сатып алушылар саны 1,5 миллион адамға дейін ұлғайды. Іргелес салаларды есепке алғанда, жұмысшылардың өсімі 37 мың адам болды. Тауар жеткізу көлемі бойынша нарық 58%-ға, 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 миллион данадан 12 миллион данаға дейін ұлғайған.

Министр маусым айындағы Үкімет отырысында е-коммерцияның 2020 жылға қарай одан ары дами түсетінін айтқан болатын.

«Электрондық сауданың көлемі 2020 жылға дейін 2,6%-ға өседі. Бұл 200 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына себепкер болады», — деді Тимур Сүлейменов.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2018 жылы 110 жаңа онлайн-сауда мекемесі тіркелген. Ал сауда нарығында 1658 интернет-дүкен жұмыс істейді. Бұған қоса, биыл е-коммерция тұтушыларының саны 5%-ға артыпты. Аталған салада 71,6 мың адам еңбекпен қамтылды.

Айта кетейік, елімізге электрондық сауда түсінігі 2005 жылдан бері ене бастады. Осы жылдар аралығында сала түрі қарқынды дамып келеді. Тұрғындардың онлайн-сауданы меңгеру деңгейі де жоғары болып отыр. Электрондық сауда тікелей ақпараттық және жаңа технологиялар арқылы жүзеге асырылғандықтан оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, бұрынғыдай дүкендерді аралауға уақыт кетпейді, жолға шығын да жұмсамайсыз, кез келген қажетті тауарыңызды үйіңізге әкеліп береді. Тағы бір қызығы, олар тауарларын нарықтағы бағадан төмен ұсынады. Сонымен қатар кез келген тауарыңызға тапсырыс беріп, оның бар-жоғын онлайн анықтауға болады. Бұл бағытта Satu.kz‎, Тechnodom, Kaspi.kz, Flip.kz, AliExpress сияқты ірі ойыншылардың қызметі күннен күнге жанданып, сұранысқа ие болып жатыр.