Қытай 675 этникалық қазақтың шекарадан еркін шығуына рұқсат беруі мүмкін

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай ісіне қатысты пікір білдірді.

«Мемлекетаралық келісім бар. Ол келісімде өзара құқықтық көмек жайлы айтылған. Келісім шеңберінде барлық сұрақ өз шешімін табады. Ең бастысы, біз мұндай мәселеге келген кезде өз тарапымыздан ашық екенімізді көрсетуге тырысамыз. Әлбетте, әрбір Қазақстан азаматының құқығын қорғауға міндеттіміз. Басқа елдердің азаматына келер болсам, олардың тағдыры белгіленген арна шеңберінде шешілетін болады. Оған қоса, құқық қорғау органдары арасындағы өзара құқықтық көмек көрсету де кіреді», — деп жауап берді Қайрат Әбдірахманов БАҚ өкілдеріне.

Оның айтуынша, бірқатар мәселе Қытайдағы этникалық қазақтардың атажұртына қайтуына кедергі келтіреді.

«Екі елдің азаматтығын, Қытай мен Қазақстанның азаматтығын алған азаматтардың, ықтиярхаты бар Қытай азаматтарының мәселесі бар. Қазақстан азаматтығын алып қойған, Қытайда зейнетақы жинағы бар этникалық қазақтардың да мәселелері бар. Біз ресми келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қытай Халық Республикасына сәуір айындағы ресми іссапарым кезінде осы мәселелерді көтерген болатынмын. Бірінші орынбасарым Үрімші қаласында жұмыс бабымен болып қайтты. Оны Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының басшысы қабылдап, келіссөздер жүргізді», — дейді Қайрат Әбдрахманов.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы 675 этникалық қазақты Қазақстанға шығармау жайлы тыйымын алып тастау мәселесін қарастырып жатыр.

«Біздегі мәлімет бойынша, екі ел азаматтығы бар 19 азаматтың 15-інен Қазақстанға шығармау туралы тыйым алып тасталды», — деп мәлімдеді министр.

Министр кей мәселенің әлі толық шешілмегенін де айтты.

«Толық ештеңе шешілмеді. Алайда қазір Пекинде, Үрімшіде және Қытайдың Алматыда орналасқан бас консулдығында, Астанадағы елшілігінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тәулік бойы. Бұған қатысты Мемлекет басшысының ҚР СІМ-ге тікелей тапсырмасы бар», —  деді Қайрат Әбдрахманов.

Еске салайық, 1 тамызда шекара бұзды деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай ісіне қатысты сот үкімі шықты. Қазақстан соты оны алты айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, Қазақстанда алып қалды.

ДереккөзZakon.kz