Басты бетЖаңалықтарАуған ардагерлері...

Ауған ардагерлері Армия үйіндегі гей-клубқа наразы

Алматыдағы Армия үйі ғимаратында дәстүрлі емес жыныстық ориентация өкілдерінің түнгі клубы жұмыс істеп жатыр. Ауған соғысы ардагерлері бұған наразы болып, прокуратураға арыз жазды.

«Қаланың 28 панфиловшы атындағы саябақ, Армия үйі сияқты мәдени-тарихи бөлігі аумағында неге осындай бассыздық болып жатыр? Жігіттеріміз түнгі мезгілде клубтарға бас сұғып, сондай жағдайды анықтады. Адамдар 23.00-ден кейін келіп жиналады екен», — дейді «Ардагер» ҚБ төрағасы Марат Сайбеков.

Ауған соғысы ардагерлері гей-клубқа күндіз тағы бір бас сұғып, қожайындарын тәртіпке шақырмақ болды. Бірақ клуб қызметкерлері «жөндеуге байланысты әлдеқашан жабылғанбыз» деп, басын ала қашты.

«Армия үйі сияқты рухани-адамгершілік тәрбие беретін ғимараттар мемлекет бюджетінен қаржыландырылуы керек деп есептеймін. Сол кезде бұл ғимараттарда мұндай «гей-шерулер» болмас еді», — дейді Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров.

Кеңес Одағының батыры, генерал Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова да Мәңгілік алаумен бір мемориал кешенде тұрған Армия үйі аумағында ешқандай көңіл көтеру орны болмауы керек деп есептейді. Ал Армия үйінің басқарушысы Алтынбек Шошаев ғимараттың бос бөлмелерін жалға беруге мәжбүр екенін айтты. Себебі 12 мың шаршы метрді күтіп ұстау керек, жылына 80 миллион теңгеге дейін жететін коммуналдық төлемдер бар. Басқарушы ғимаратты жалға алушылар оны қандай мақсатқа пайдаланып жатқанын ойламауға тырысады.

«Иә, егер мемлекетке берілсе, жақсы болар еді. Бұл мәселе бұрыннан айтылып келеді. Егер мемлекет не қала өз балансына алса, мұнда клубтар болмас еді. Таза патриоттық ғимарат болар еді. Саябақ ансамбліне кіретіндіктен бұл ғимарат патриотикаға қызмет етуі керек», — дейді Шошаев.

Ауған соғысы ардагерлері болса, мәселені осы күйі қалдырмаймыз деп отыр. Олар клубқа келушілерді түн сайын жеке бақыламақ және прокуратурадан жауап күтеді.