Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаевтың мерейтойы атап өтілді

Алматыдағы Офицерлер үйінде ауған соғысында «Қара майор» атымен даңқы шыққан полковник Борис Керімбаевтың 70 жасқа толу мерейтойы атап өтілді.

Ол туралы қаншама кітап жазылды, кинофильмдер түсірілді. Бұл күнгі мерейтойда Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Борис (Бақыт) Тө­кенұлы Керімбаевтың бұған дейін еш жерде айтылмаған сырлары ақтарылды, тіпті жаужүрек командир халқына бұған дейін еш жерде ашылмаған бірқатар қырларымен де танылды. 1980 жылы оны КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының Бас барлау басқармасы Эфиопия армиясының жаяу әскерлері құрамының бас қолбасшысына әскери кеңесшілік қызметке тағайындайды. Алайда ісса­пар белгісіз себептермен кешік­тіріле берген. Содан 1981 жыл­дың басында мотоатқыштар батальонының командирі майо­р Керімбаев Мәскеуге шұғыл ша­қы­рылып, Бас штабтағы Бас бар­лау басқармасының іші­нен төтенше құрылған 177-ші арнаулы мақсаттағы айры­қша отрядтың командирі етіп та­ғайындалғаны туралы мәлім­дейді. Офицердің құпия әскери қызметтегі тағдыр жолы осылай басталған.

Сол жылдың қыркүйегінде Кеңес Одағының құрамындағы Орта Азия халықтары өкілдерінен – 500 қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз жауынгерлерінен құралған арнайы топ Ауғанстанның Фарьяб ауданындағы Меймене қаласына бір түнде «ың-шыңсыз» келіп кіреді.

Сахна төрінен мерейтой иесіне арнап сөз сөйлеген даңқ­ты «№2 мұсылман батальоны» деген атаққа ие болған топтың бір кездегі өрімдей жап жас сардарлары – бүгінгі қазақ армиясының полковниктері мен генералдары қолдарын жүректеріне қойып, тебірене сөз сөйледі. Олардың барлығы да бірінші сөзін жалпыға бірдей әскери тәртіптің жазылмаған заңымен «командир» деп бас­тап жатқаны тектен-тек емес. Өйткені қан майданның нағыз өтіне айналған Паншер аума­ғының «королі» атанған «қара майор» Керімбаев сол тұста қарамағындағы әрбір жауын­гердің өміріне қал­қан болған. Осы арада Қазақстанның қазіргі Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жан­ұза­қовтан бастап бір топ генералдар мен жоғары құрам­дағы офицерлердің ауған соғысында осы Керімбаевтың «шинелінен шыққаны» атап өтілді. Жамбыл ауданының (Алматы облысы) Ақ­қайнар ауылында туып-өскен Бо­рис Төкенұлы Керімбаевқа ар­найы мадақ айтып, ат мінгізіп, шапан жапқан аудан әкімі Жандарбек Далабаев «Ке­шегі Қарасай мен Сұраншы-Саурық­тың жолын қуған қаһарман аға­мыздың ерлік жолы бүгінгі жас буынға әрқашан да үлгі-өнеге» деп жігерлі сөз түйді. Әкімнің сөзін қолдай кеткен жігері тасыған болашақ офицерлер – Алматыдағы әскери оқу орындарының курсанттары Отан қорғауда Керімбаев ерлігінің қашан да жүректерінен орын алатынына ант етті.

Салтанатты жиынның ең қызықты сәті – сахнаға «№1 мұс­ылмандар батальонының» ко­мандирі Өзбекстан әскерінің ардагері Хабиб Халбаев шық­қанда туды. Күллі зал орнынан тұрып қос қабыланның құшақтары жазылмай айқасып тұрған сәтіне дамылсыз ұзақ қол соқты. Ауған жерінде от-жалын кешкен майдангерлер араға 35 жыл салып алғаш рет қазақ жерінде осылай қауышты. Ауған соғысының тарихында кеңестік майор Халбаев бастаған 600 мұсылман жастарынан жа­сақ­­талған айрықша отряд (Мус­бат-333) бастарын өлімге тігіп сол кездегі Ауғанстан пре­зиденті Аминнің резиденциясына түн жамыла басып кіріп, ел басшысының көзін жою операциясына қатысқан еді…

Ол кезде Отан тапсырмасын орындаған отан солдатының мінбеден сөйлеген сөзі қысқа да нақты шықты. «Мен жаңа ғана осы көркем саябақты аралап жүріп, Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының ес­керткішіне тағзым еттім, – деді өзбекстандық мейман. – Құр­метті ағайындар, ауған соғысында Отан алдындағы әскери борышын абыроймен орындаған даңқты командир Борис Керімбаевқа не Ресей Феде­рациясының Батыры, не Қазақ­станның Халық Қаһарманы атағын алып беретін күн туды. Ол үшін екі ел Президенттеріне хат жазуға тиіссіздер. Даңқты Мо­мышұлына лайықты атағы кеш те болса оралды емес пе?! Ен­деше «Қара майордың» да ерлік істері әділ бағасын алуы тиіс».

Даңқты барлаушы-коман­дир­ге ұмтылғанмен тілдесіп үл­г­ере алмадық, ол сахнаға қа­лай тап болса, көзден солай таса болды. «Қара майор» Борис Керім­баевтың мерейтойынан жұрт есінде сақталған ерекше оқиға осы еді…

Мерейтой соғыс ардагерінің құрметіне арналған балғын жас­тар­дың салтанатты концертіне ұласты.

Дереккөзegemen.kz
Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз