Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі қандай болды?

2018 жылғы шілдеде ең төменгі күнкөріс деңгейі 27 122 теңге болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті хабарлады.

«Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларына қарап шығарылған, орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 2018 жылғы шілдеде өткен аймен салыстырғанда 2,6%-ға төмендеді, ал 2017 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 5,9%-ға жоғарылады. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 19,4%, сүт, тоңмай өнімдері мен жұмыртқаны – 14,9%, жемістер мен көкөністерді – 11,5%, нан және жарма өнімдерін – 7,1%, қант, шай және дәмдеуіштерді сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 2,1% болды», — делінген хабарламада.

stat.gov.kz

Ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бір адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс. Ең төмен тұтыну себетi адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың тіркелген үлесінен тұрады. Ең төмен күнкөріс деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі тұтыну себеті құнының 45%-дық мөлшерінде белгіленген.

Бұған дейін Статистика комитетінің мамандары 2018 жылдың екінші тоқсанында бір жұмысшының орташа айлық атаулы жалақысы 162 751 теңге болғанын жария еткен еді.