Форумға қатысушы ауыл ақсақалдары, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, аудандық бөлімдердің басшылары және алыстан ат арытып келген қонақтар алқалы жиында хал-жай сұрасып, пікір алмасты. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов осы жерде «Туған жер» арнайы жобасындағы «Атамекен» кіші бағдарламасының маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлерді аталмыш бағдарлама аясында туған жерлерінің көркеюіне үлес қосуға шақырды.
«Туған жерге туыңды тік!» атауымен өткен форумда сөз сөйлеген округ әкімі Қанат Мұқанов шараға арнайы келген жерлестерге алғыс айтып, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер Аққобан Жұмағалиұлы мен ауылдың 60 жылдық мерейтойын өткізуде белсенді жастардың басын қосқан Асхат Османұлына Алғыс хат табыстады.
Өз кезектерінде сөз алған А.Жұмағалиұлы, М.Халиоллаұлы рухани құндылықтарды сақтап, қастерлеуге шақырса, ауылдық ардагерлер ұйымыны төрағасы С.Нығыметов, ауыл ақсақалы Ә.Кенжеғалиев ауыл халқының азаймауы үшін жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік саласын дамытуға байланысты құнды ой, ұсыныстарын ортаға салды.
Форум аясында «Батыс» шаруа қожалығының жетекшісі Ақмарал Нұрмүханова Қоскөл ауылы тұрғындарына құдық қазып бергендігі ерекше ризашылықпен айтылды. Көп жылдардан бері су тапшылығын көріп келе жатырған елді мекенге бұл шынымен де үлкен жәрдем болып отыр. Айта кету керек, бұған дейін ауылдағы орта мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер өз қаражаттарына балаларға арналған ойын алаңын салып берген болатын. Жылышырайлы жағдайда өткен жерлестер форумы ауыл көркемөнерпаздары әзірлеген үлкен концертпен қорытындыланды.