Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан аудандарының белсенді жастары бас қосты

Елбасы мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деген болатын. Бүгінгі өмірге байланысты көмескі тартып бара жатырған салт-дәстүрлерді жастардың жадында қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған ғибратты шара ой-санаға үлкен серпіліс әкелгені анық.

Форумның ерекшелігі — қой союдан жарыс болды. Оған білек сыбана кіріскен жігіттер малды бауыздау, терісін сыпырғанда теріні тесіп алмау, жіліктеу әдістерін жақсы меңгергендіктерін, ептіліктерін көрсетсе, қыздар жағы қойдың ішек-қарнын дұрыс тазалап пысықтықтарын байқатты. Қой союдың тамаша меңгерген сырымдық Сәлімжан Әубәкіров жарыс жеңімпазы атанды. Форум жұмысы әрі қарай арқан тартыс, аударыспақ, асық ату сынды ұлттық ойындармен жалғасты.

Одан соң Бұлдырты өзенінің жағасындағы этноауылға жиылған талапты да талантты жастар белгілі журналист-публицист, тележүргізуші, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Қанат Əуесбаймен кездесті.

«Қазіргі журналистерде барлық мүмкіндіктер бар. Ол мақала жазады, суретке түсіре алады, радиода болса дыбысын жазады. Ғаламтор жоқ кезеңде ақпаратты сен іздеп тапсаң, қазір ақпарат сені іздеп табады. Ақпаратпен қаруланған азаматтар тек оның рас- өтірігінің ара-жігін ажырата білуі керек. Менің ойымша бүгінгі журналистер, әмбебап журналистер», — деді Қ.Әуесбай жастар алдында сөйлеген сөзінде.

Кездесу соңында ол ең тұшымды сұрақ қойған сырымдық Ләйлі Мақсотова «Батыс көрген Ұлыбритания қазақтың көзімен» атты кітабын сыйға тартты. Жастардың достықты ту еткен ашық аспан астындағы салиқалы кездесуге Сырым ауданының әкімі Т.Төреғалиев пен Қаратөбе ауданының әкімі Ж.Асантаев та қатысты.

«Жастар — еліміздің болашағы олардың лайықты азамат, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына қолайлы жағдай жасауға аға буын аса зор жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Бұл кездесудің мен үшін орны бөлек. Осындай киелі мекендердің тоғысқан жерінде жалынды жастармен кездескеніме қуаныштымын. Сіздердей жастарымен мақтанамыз», — деді Қаратөбе ауданының әкімі Ж.Асантаев.