Қазақтың жылу жинау және асар дәстүрі

Жылу жинау мен асар дәстүрінің айырмашылығы неде? "Жеті жарғы" заң жинағында жылу жинау туралы не айтылған? Бұл дәстүрлердің әлемдегі баламасы қандай?

Табиғат апатынан немесе өзге де бақытсыздық салдарынан баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған отбасыға ауыл болып көмектесуді қазақта «жылы жинау» деп айтады. Басына іс түскен адамға ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған-туыстары мал, дүние береді немесе ақшалай көмек көрсетеді. Тым құрығанда, жылы сөз айтып көңілін серпілтеді.

қазақ әдебиеті, Bilimland
Еңбекші қазақтар. ©Bilimland.kz

Ертеде жылу жинауды ауыл-аймаққа сөзі өтетін, шешен адам ұйымдастырып отырған.

Жылу жинаудың асардан қандай айырмашылығы бар?

Көмекке бағытталған дәстүрдің бірі — асар. Бірақ ол  — дүние, мүлік жағынан емес, қол еңбегімен көрсетілетін жәрдем. Егін ору, пішен, үй салу тәрізді науқан кезінде жалғыз шамасы келмей, жұмысы өнбей жатқан адамға ағайын-туыс, дос-жараңдар келіп, жұмысты бірігіп бітіріп тастауға тырысады.

«Ағайын тату болса – ат көп,
Абысын тату болса – ас көп». (Қазақ мақалы)

Асарды қайтарымсыз жасайды, яғни жақсылық жасаған адам төлемақы талап етпейді. Дегенмен бүгін көмек жасаған адамға келесіде қандай да бір шаруасы шыққанда жәрдемдескен жөн. Осы арқылы адамдардың бойында жақсылықты бағалау, оны жиі жасауға ұмтылу әдеті қалыптасады. Бұл дәстүрдің философиясы осында жатыр десек те болады. Асар жасауға келген әр адам таза ниетімен, ақ көңілімен беріліп жұмыс істейді.

«Жақындармен байланысты нығайту, көршілермен жақсы болу және көркем мінез, мемлекетті жақсартып, өмірді берекелендіреді». (Хадис)

«Жеті жарғыда» жылу жинау туралы не айтылған?

Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заң жинағында жылу жинау дәстүрі туралы «Бұл — Тәңірі ісі» деп айтылған. Заңға енгенін ескеріп, жылу жинаудың мемлекеттік деңгейде маңызы болғанын да аңғарамыз. «Жеті жарғыда»:

«Әртүрлі табиғи апат (жұт, өрт, т.б.) салдарынан мал мен дүниесінен айырылып, күнкөруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай да түрі болмасын жылу жинау туралы шешімде ел басшылары мен билердің келісімін алады.

Қазақ хандары
Қазақ хандары ©Bilimland.kz

Егер апат бір адамға, бір ата баласына ғана келген болса, рулы ел өз бетімен-ақ көмектесіп, жұтаған адамдарға қарайласады. Ал жоқшылық тұтас руға келсе, онда амалдың жоқтығынан өзге елдерге барып өтініш жасауға тура келеді. Ел билері көрші, алыс-жақын елдердің басшыларынан жылу жинау үшін келісімін алады. Кей жағдайда сыйласуларына қарай (құда-жекжат т.б.) көрші, рулар өз бетімен көмек көрсетеді. Жылуды кез келген дәулетті қазақтан сұрау айып емес (егер шын жұтап отырса). Жағдайы келіп отырған адам нашарға деп жылу беру — Тәңірі алдындағы іс. Егер жылу жинаушы (адам немесе ру) өзінің берекесіздігінен, жағымсыздығынан немесе өз дәулетсіздігінен ағайыннан көмек ала алмай өзге елде жүрсе, айыпталады. «Өз ағасын ағаламаған, өзгенің ағасын жағалайды», — деп көрсетілген екен.

Жылу жинау дәстүрінің әлемдегі баламасы

Қазақтың жылу жинауы мен асары — көне дәстүрлер. Ол қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен халықтарына да ортақ.

Қазақ ауылы
Қазақ ауылы ©Bilimland.kz

Қазіргі уақытта жылу жинаудың әлемдегі баламасы краудфандинг деп айтсақ та болады. Ағылшын тілінен аударғанда краудфандинг «халықтық қаржыландыру» деген мағынаны білдіреді. Краудфандинг — интернет арқылы белгілі бір жобаға халықтың, көпшіліктің қаржы жинап беруі. Мұндай көмек түрлі мақсатқа бағытталуы мүмкін: табиғат апаттарынан зардап шеккендерге жәрдем, спорт командасына жанкүйерлерінің көрсеткен қолдауы, түрлі саяси кампанияларға қолдау білдіру, стартап-компанияларды немесе кіші бизнесті қаржыландыру және т.б.

Қазақ үшін краудфандинг жаңа термин болса да, ол оның тіршілігінде ертеден бар. Сол себепті мұндай қолдау түрі қазақ үшін жат емес.

Қазіргі таңда да жылу жинау мен асар дәстүрі қазақтың өмірінде жиі қолданылып келеді. Көктемде үй-жайын су басқан немесе өртке оранған аймаққа бүкіл қазақстандықтар жұмыла жәрдем беріп, елдің түпкір-түпкірінен заттай, ақшалай көмегін жөнелтіп жатады. Ауыл-аймақтардан да асар беріп, жылу жинаған халықты жиі кездестіреміз.

Материалды Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.