ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ауыр қылмыстары үшін сотталған азаматтардың босатылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Өкінішке қарай, ауыр қылмыстары үшін сотталған 5 мың адамның бостандыққа шығатыны туралы мақалалар жарияланды. Олардың қатарында зорлау, кісі тонау, денсаулыққа нұқсан келтіру және басқа да зорлық-зомбылық қылмыстары үшін сотталғандарды атаған. Мұндай жаңалықтар шындыққа сәйкес келмейді», — деді Марат Ахметжанов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Бас прокурордың орынбасары мұндай ақпарат қоғамды жаңылыстырып отырғанын мәлімдеді.
«Сол себепті тағы бір ашып айтқымыз келеді. Ең бастысы, аса ауыр қылмысы үшін сотталған 5 мың адамды, оның үстіне, зорлық жасағандарды, кісі өлтіргендерді, педофилдерді ешкім босатайын деп жатқан жоқ», — деді Марат Ахметжанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін ақпарат құралдарында және артынша әлеуметтік желілерде Қазақстанда аса ауыр қылмыс жасаған 5 мыңдай адамға рақымшылық жасалатыны туралы ақпарат тараған еді.