Айдос Сарым
Фото жеке мұрағаттан алынды

Айдос Сарым, саясаттанушы:

«…Қазір байқасаңыз, үлкені де, кішісі де «не болса да, бірдеңе болсыншы» деп тілеп отыр. Ашу, ыза жатыр астарында. Елдің пікірі күрт өзгерген. Билік мұны қазірден ұқпаса, қазірден назарға алмаса, күндердің күні оңбай опық жейді.

«Бәрін бақылап отырмыз, ешкімді тырп еткізбейміз» деп ойласа, қателеседі билік. Себебі қоғам қажи бастады. Қоғам өзгеріске дайын отыр. Осыну ұғыну керек билікке…

Биліктің өзі айтып қалды. «Бізге мемлекеттік бірлік: экономикалық, саяси және әлеуметтік бірлік керек», — деді. Әлеуметтік бірлік дегеніміз халықтың бұл елде әділеттің бар екеніне сенуінде жатыр. Әділет мәселесін бір жөнге келтірмей, биліктің қазіргі қарекетінің барлығы бос тірлік».

(Шілде, 2018. Facebook)

Ғалым Боқаш
Фото жеке мұрағаттан алынды

Ғалым Боқаш, шығыстанушы, журналист:

«…Қазақ тілі соңғы ширек ғасырда сөйлеуші саны бойынша да, институттық қолдау бойынша да тізім басындағы қайта жаңғырған, белсенді тілдердің тобына кірді. Тек мәдени-отбасылық қатынас құралы емес, тұтынушы тіліне айнала бастады. Біртіндеп негізгі қолдану кеңістігі — Қазақстанда экономика, сауда мен бизнес салаларында да позициясы күшейе бермек. Мұны қасақана қасарысып байқағысы келмейтін адамдар мәдени-лингвистикалық плюрализмді мойындамаса, тұтынушының конституцияда бекітілген өз тілінде қызмет талап ету хақын сыйламаса, бәсекеге қабілетсіз топ ретінде қоғамның да, нарықтың да шетіне шығып қалады.

Қазақ тілін қайта жаңғыртуға, белсенді түрде қолдануға шақырып жүрген азаматтардың да назарын бір жайтқа аударғым келеді. Осыншама қиындықтан өтіп, тұрақты дамуға әрең қол жеткізген бұл тіл өрісі тар ұлтшылдық пен өресі таяз популизмнің тіліне айналмауы керек. Өркениетті азаматтық қоғамның, демократиялық дәстүрдің, тәуелсіз соттың, еркін БАҚ-тың, терең ғылымның, биік өнердің тіліне айналуы тиіс. Бұл іске шама-шарқымыз жеткенше әрқайсымыз өз саламызда үлес қоссақ, елдік қасиет әрі азаматтық парыз деген сол болады».

(Сәуір, 2018. Facebook)

Жалғас Ертай

Жалғас Ертай, журналист, блогер:

«…Ел болып ойланатын нәрсе қордаланып қалды.

Көшеде ереже, я заң бұзып, полиция тоқтатқан кезде қолына ақша қыстырып жатқанда — ойланыңыз!

Балаңызды балабақшаға пара беріп, орналастырып жатқанда — ойланыңыз!

Университеттегі оқытушыдан емтиханнан өткізіп беруді сұрап жатқанда — ойланыңыз!

Тротуармен келе жатып, темекі тұқылын, судың құтысын урнаға жеткізе алмай, жерге тастап жатқанда — ойланыңыз!

Заңмен, мемлекеттік органдармен бетпе-бет келгенде ауырдың астымен, жеңілдің үстімен басқыңыз келіп, аға-көке іздеп жүргенде — ойланыңыз!

Заңмен, мемлекеттік органдармен бетпе-бет келгенде ауырдың астымен, жеңілдің үстімен басқыңыз келіп, аға-көке іздеп жүргенде — ойланыңыз!

Ойлап көріңіздерші, Денис Тен көлігінің айнасын ұрлағандарды байқап қалып, соңынан қуғанда, әйнегін бұлдап қумады ғой, — ол әділдік орнатқысы келді.

Өзіңіз де әділ болып, әділетсіздікке жол бермесеңіз, Денис Тенді құрметтегеніңіз — сол. Оның ойындағы, арманындағы ел, мемлекет, қоғам болуға әрекет ету керек.

Ендігәрі ондай қайғылы оқиға қайталанбасын десеңіз, онда ешкімге пара бермеңіз, алмаңыз, әділетсіздікке төзбеңіз, немқұрайлы болмаңыз. Бітті, басқа жолы жоқ. Сіздің немқұрайлығыңыз бюрократияның қатігездігіне ұласады. Ал қатігез бюрократия қоғамның ең ізгі жандарын жалмап өтеді».

(Шілде, 2018. Facebook)

Назгүл ҚожабекНазгүл Қожабек, Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі:

«Алла тағала әуел баста әйелді ерге тәуелді етіп жаратқан. Тәуелді дегенде, тек айтқанымен жүріп-тұруда емес, бар жағынан — ішіп-жемі, баспанасы, киімі, ал ең бастысы — қауіпсіздігі жағынан тәуелді етті. Ер әйелдің қорғаны болған. Бұрын. Әуел баста. Алла тағаланың мінсіз әлем жоспарында ері жоқ әйел болмауы тиіс еді…

Заман озды. Әйел ермен теңесті. Бірақ азаматтар соны әлі қабылдағысы келмейді. Әйел баласы өзінен төмен тұрғанын қалайды. Тек сенен төмен тұратын — саған тәуелді әйел. Ішіп-жемі мен баспанасын, киім-кешегін сен қамтамасыз етіп отырған, ал ең бастысы — сенің қасыңда өзін қауіпсіз сезінетін, намысы мен абыройын сенің қолыңа беріп, сен барда ешкімнен жаман сөз естімейтініне сенімді, сен барда есігінің сыртына келіп тұрған жауына қару алып қарсы шығуға мәжбүр болмайтынына сенімді әйел саған бағынады, сенен төмен тұрады, сенің бетіңе қарсы келмейді. Өйткені, бұл — әйелдің болмысы, бұл әйелдің генінде, қанында, әуел бастағы санасында.

Ал осының бәрін бере алмасаң — сен де жаратушының заңына қарсы келгенің, ендеше сен де бағынуды, табынуды күтпе де, талап етпе де.

Ал ана айтылған дүниенің бәрін өзіне-өзі жасап жүрген, ары мен намысын өзі қорғауға мәжбүр, жауынан да өзі ғана қорғанатын, тас қамалдай артына жасырына салатын азаматы жоқ әйелден, саған ешқандай туыстық қатынасы жоқ албаты бөтен әйелден бағыну мен бас июді талап ету — ақымақтық. Баланс бұзылған. 20 ғасыр бойы бұзылып келді. Енді оны қайта қалпына келтіру үшін тағы 20 ғасыр керек…»

(Наурыз, 2018. Facebook)

Асқар Базарбай

Асқар Базарбай, аудармашы, блогер:

«Өзін сыйлайтын орташа Мырқымбайдың адам айтқысыз мөлшерде тұтынатын және соншалық мөлшерде туатын ақпаратының шеңбері мен әрекеттері қайшылыққа толы:

  1. Табиғи құбылыстардан бейтабиғи тылсым табу;
  2. Нумерологияны ғылым ретінде ұсыну;
  3. «Спорт фандомдық» немесе К…триоти Глористика (дәлірегі, тек чемпиондық тұғырға мінгенде пайда болатын және одан тайғанша ғана жалғасатын сайқали жанкүйерлік );
  4. Фонограммамен айтатын әншілерді пір тұтып, өз даусымен айтатындардың музыкалық кәсібилігін мәрттігімен, образының дәстүрлілігімен, саяси ұстанымымен өлшеу;
  5. Әншілер мен адам ұрушылардан ұлт Конфуцийін көріп, оларды ұлыстың Аристотеліне айналдыру. Сәйкесінше, олардың тоқмейіл пікірімен кәдімгідей санасып, балаң былдырынан рухани азық іздеу;
  6. Интернеттен «голи» қазақ қыздарын талмай іздестіру. Әрине, тауып алған соң қарғап сілеп, иманға шақыру ниетімен;
  7. Бейтаныс адамдарға ыңғайсыз өтініш айтып («ораза едім, көзімше тамақ жемей-ақ қоясыз ба? «), біртүрлі сұрақ қойып ұрыну (бауырым, айлық қанша былай?);
  8. Қора-қопсы өнертапқыштығын техножаңашылдықпен, тезекпен жүретін «экомобилін» «Тесламен» шатастыру;
  9. Батыс ғылымының антик ғасырда айтылып, орта ғасырда жүйеленіп, XVIII ғасырда жүзеге асып, бізге енді жетіп жатқан трендтерін аталарымыз XIX ғасырда «болжағанына» тамсану. Сол арқылы батыс ғылымынан, жаңашылдықтан теріс айналуға үгіттеу. Ғылымның қазіргі күйінен мүлде хабарсыз болғанды мақтан тұту».

(Маусым, 2018. Facebook)

Жұлдыз Әбділда, журналист:

«Мәжбүрлеу дұрыс па, бұрыс па?..

Баланы бірдеңені істеуге мәжбүрлеу дұрыс/дұрыс емес деген – мәңгілік дискуссия. Дегенмен екі негізгі пікір бар.

Біріншісі: Баланың қалауы болмаса, мәжбүрлегеннен түк шықпайды. Мәжбүрлеу арқылы баланың тұлғалық қасиетін өлтіріп аласың. Әр бала әртүрлі, өзі ақылы кірген кезде ненің керек, ненің керек емес екенін түсінеді. Сондықтан мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Мұндайда, керісінше, баланың қарсылығы күшейеді.

Екіншісі: Бала ненің жақсы, ненің жаман екенін ажыратпайды. Ненің керек, ненің керек емес екенін ата-ана көбірек біледі. Ата-ана баласын жаман болсын демейді. Сондықтан баланың еркіне көне бермей, мәжбүрлеген дұрыс…»

(Шілде, 2018. Facebook)

Мұрат Есжан
Фото жеке мұрағаттан алынды

Мұрат Есжан, журналист, сценарист:

«Шетелге барғандар ғана емес, шетелден елге қайтып келген кісілер де белгілі деңгейде «мәдени шоктан» дәм татады. Ол еліңе өгейсіп қалдың деген сөз емес, тек әбден өзге ортаның өмір сүру қалыбына үйренгеннен туындайтын, суық судан ыстық суға, яки, ыстық судан суық суға ауысқанда денеңнің тітіркенгені секілді заңды құбылыс.

Хош, 15 ай АҚШ-та тұрған мен Қазақстанға келгенде қандай мәдени шокты бастан кешірдім? Соны жұқалап айтып көрейін.

1. Қарым-қатынас мәдениеті. Адамдар бір-біріне тым суық. Түртіп кетсең, ұрса жөнелердей. Амандассаң, жауап қатпайды. Жай сөйлегенге қатты жауап беріп, қатты сөйлегенді боқтағалы тұрғандай әсер қалдырады.

2. Қарым-қатынас мәдениеті. Әйелім жай киіммен банкке барса, күзетші: «аккаунты жоқ адамдарға кіруге болмайды», — депті. Сұрамай, білмей жатып, киімге қарап, «мынада банк аккаунт болуы мүмкін емес» деп шешім шығарып тұр. Киімге, статусқа, қызметке қарап алалау сұмдық белең алған. Әйелдер нан алуға бару үшін де тойға барғандай дайындала ма деп қалдым. Бір жағы, жаңағындай көзтүрткі боп қалам деп қорқа ма екен? Қымбат киім киген, қымбат көлік мінген адамға қарым-қатынас басқаша. Бәлкім, сондай «басқаша» құрметке ие болу үшін шамасы келсін-келмесін тыраштанып, қымбат киім, қымбат көлікке ұмтылып, қарызданып, қауғаланып жүрген адамдар, әйтеуір. Американдардың ішіне кіріп шыққан жоқпын, бірақ олардың сырт келбетке қарап қарым-қатынас жасағанын көрмеппін.

Өз басым Астана мен Алматының дамуынын еш кемістік байқамадым. Шетелде бар дүниенің бәрі бізде бар. Тек, әттең, мәдениетіміз тұрмысымызға ілесе алмай, шабандап қалып жатыр».

(Қыркүйек, 2017. Facebook)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!