Қаза мен нәпіл оразаға қатар ниет етсе қабыл бола ма?

Ғалымдар шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» деген аятпен байланыстырады. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз. Рамазан айы оразасының қазасы да, шәууәл айының 6 күн оразасы да бір ниетпен емес, әрбірі жеке-жеке өтелуі керек. Себебі, оразаның әр күні өз алдына бір ғибадат.

Сондықтан, әр күні үшін жеке ниет етілуі тиіс. Имам Әбу Юсуфтың тұжырымы бойынша, қаза мен нәпіл оразаны бір ниетпен ұстаған адамның қаза оразасы ғана есептеледі. Имам Мұхаммед бұл тәрізде ұсталған ораза нәпіл саналады деп пәтуа айтқан.

Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер шәууәл айында әуелі рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады.

Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Ал нәпіл оразаны түске дейін ниет етуге болады. Ал рамазанның оразасы қаза болғандықтан, оны түннен бастап ниет ету шарт.

Дереккөзfatua.kz