Басты бетЖаңалықтарДенис Теннің...

Денис Теннің қазасы: екінші күдіктінің фотосуреті жарияланды

ҚР Ішкі істер министрлігі Денис Теннің өліміне қатысы бар екінші күдіктінің фотосуретін жария етті. Қылмысты жасады деген күдікпен 1994 жылы Қызылорда облысында туған Құдайбергенов Арман Бөрібайұлы іздестіріліп жатыр.

Оның бойының ұзындығы — 165-170 сантиметр, арық денелі. Қара жейде, сұр джинсы, қара аяқкиім киген. Күннен қорғайтын көзілдірік тағады.

Полиция күдіктінің жүрген жері жайлы ақпарат білетіндерден Алматы қалалық ішкі істер департаментіне 8 (7272) 54-40-42, 54-40-18, 54-41-00, 54-43-66 немесе 102 нөмірлері бойынша хабарласуды сұрайды.

Денис Теннің өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Оны тергеу үшін ҚР ІІМ мен Алматы қалалық ІІД-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен құралған топ құрылды. Шұғыл тергеу тобын ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов басқарады.

Бұған дейін мәнерлеп сырғанаушыны өлтірді деген күдікпен екі адамның анықталғанын және олардың бірі — 1994 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген Қиясов Нұралының ұсталғанын хабарлаған едік. Нұралы Қиясов жасаған қылмысын мойындады.

25 жастағы спортшы Денис Тенге 19 шілде күні Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында шабуыл жасалған еді. Оқиға куәгерлері дереу жедел жәрдем шақырған. Бірақ бірнеше сағаттан соң мәнерлеп сырғанаушы Орталық қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Спортшымен қоштасу 21 шілде күні өтеді.

Дереккөзzakon.kz