Басты бетЖаңалықтарШығыс Қазақстанда...

Шығыс Қазақстанда сақ дәуірінің алтын жәдігерлері табылды

Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы қорымынан алтын заттар табылды. Қорымдағы үш нысанда бір айдан бері қазба жұмысы жүріп жатқан еді. Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің мәлімдеуінше, табылған заттар — «Алтын адам» ұғымына сай келетін ескерткіштердің бірі».

Қазіргі уақытта ежелгі қорымнан барлығы 3000-ға жуық алтын бұйым табылған. Ғалымдар оларды сақ дәуіріндегі, яғни, б.з.д VIII-VII ғасырлардағы бекзадалар мен ханшайымдарға тиесілі заттар болуы мүмкін деп отыр. Табылған жәдігерлердің арасында әйелдердің алтын әшекейлері, әр формадағы моншақтар, киім қапсырмалары өте көп. Сонымен қатар алтыннан соғылған ат әбзелдері де бар.

“Сол дәуірдегі шеберлердің алтын бұйымдарды жасау технологиясы таңғалдырады. Зергерлер диагоналі 1 мм болатын алтын моншақтарды тесіп, киім-кешекті безендірген. Бұл сол заманда жоғары мәдениет пен озық технологияның  болғанын, яғни олардың дала өркениетінің ғажайып иесі екенін айғақтайды”, — дейді археологтар.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен өңірде 2016 жылдан бері археологиялық зерттеу жүріп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қабылданған «Көне қазыналар» жобасы шеңберінде алғашқы жылы Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауданындағы Аблайкит қорған-монастырі, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы мен Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіші зерттелді. Қазба жұмыстарына Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев және Карл Байпақов сияқты ғалымдар жетекшілік етіп келеді.

Биыл осы бағдарлама аясында Катонқарағай ауданындағы Берел қорымы мен Тарбағатай ауданындағы Елеке сазында зерттеу жұмысы жалғасын тапты.

Дереккөзaltaynews.kz