Илья Ильинге допингті тамаққа қосып берген болуы мүмкін

Егер мәлімет расталса Илья Ильин екі дүркін олимпиада чемпионы деген атақ-даңқынан айырылады. Сондықтан болар бұл мәселеге билік те бет бұра бастады. Бүгін Үкімет отырысында допинг дауы қозғалып, елімізде осыған орай арнайы зертхана құру жайы талқыланды.

Илья Ильиннің атақ-даңқын асқақтатқан Бейжің олимпиадасы екені анық. Сегіз жыл бұрынғы сайыста тау көтерген толағай тұңғыш рет олимп шыңын бағындырған. Алайда араға аттай сегіз жыл салып бұл жеңісі жанжал тудыруда. Яғни халықаралық ауыр атлетика федерациясы Ильиннің сол кездегі сынамасынан станозол табылғанын хабарлады.

Халықаралық жан-жалдың ортасында қалған ауыр атлеттердің тағдыры бүкіл елді елеңдетіп отыр. Мәселе бүгін Үкімет отырысында да қаралды. Допинг дауын қозғаған Кәрім Мәсімов елімізде арнайы зертхана салу керек дейді. Бұл орталық кез-келген жарыс алдында спортшылардан сынама алып, ағзасының тазалығын тексермек.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

-Ұлттық олимпиада комитеті мен Тимур Құлыбаев мырзаға қарата айтамын. Мүмкіндігінше жеке инвесторлардың көмегімен жақсы зертхана сатып алуды қарастыру керек. Себебі қазіргідей күтпеген жерден допинг дауына ілікпес үшін спортшылар жарысқа бармай тұрып тексерілуі тиіс. Бұл жұмысты Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп шешіңіздер.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Рио олимпиадасының алдында біз медициналық-зертахана жұмысын жандандырамыз. Өйткені Бразилиядағы жарыста бұл қателіктердің қайталанбау керек.

Қазірдің өзінде Қазақстан құрамасы олимпиада ойындарына 102 жолдама жеңіп алған. Алайда Риоға зілтеміршілерден кімдердің баратыны белгісіз. Тіпті оны бас бапкер де айта алмай отыр. Есесіне, соңғы кезде шулы мәлімедемелер жасап жүрген Владимир Седов бүгін атлеттердің жаппай қудалануына Алексей Ниді кінәлады. Бас бапкер спортшылардың ас-ауқатына тыйым салынған препараттарды қасақана қосып жіберуі мүмкін дейді дейді зілтемірші.

Владимир Седов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы:

-Спортшылар асханадан тамақ ішеді. Ал ондағылардың барлығы Алексей Ниге бағынышты. Допингті солар тамаққа қосып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан зілтеміршілердің болашағына балта шапқан бас бапкер кінәлі. Және сол кісі бәріне жауап беруі керек.

Осылайша Рио олимпиадасына санаулы күндер қалғанда төрт бірдей саңлақ спорттан шеттетіліп отыр. Яғни Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова мен Илья Ильин жазғы ойындарға қатыспауы мүмкін. Бірақ нақты шешім 27-ші маусымда өтетін халықаралық олимпиада комитетінің тәртіптік кеңесінде қабылданады. Сол жерде спортшыларды ақтап ала алмасақ Қазақстан қоржыны соңғы сегіз жылда тірнектеп жиған бес бірдей олимпиада алтынынан айырылып, зілтеміршілер атақ-даңқтан жұрдай болады.

ДереккөзКТК