Астананың 20 жылдығын тойлау Елорда күніне дейін басталып қойған және 2018 жылдың соңына дейін жалғасады. Қазақстанның бас қаласының мерейтойына орай 100-ге жуық шара өткізіледі. Алайда олардың көпшілігі шілденің басына жоспарланған. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі концерттер, фестивальдер, көрмелер мен спорт жарыстары ұйымдастырылады. Бағдарлама өте бай. Мереке күндері көптеген іс-шаралар қатар болатындықтан әркім қай шараға баратынын алдын ала таңдап алғаны дұрыс. Сондықтан назарларыңызға ең қызық іс-шараларды ұсынамыз.

Опера және балет қойылымдары

«Жайнаған Астана» салтанатты кешін қала тұрғындары мен қонақтары 2 шілде күні кешке «Астана Опера» театрына келіп тамашалай алады. Белгілі Ағылшын композиторы Карл Дженкинстің туындысын мыңнан астам музыкант – бірлескен симфониялық оркестрлер мен Қазақстанның барлық аймағынан және басқа елдерден келген хорлар, сонымен қатар итальянның Карло Феличе театрының артистері орындайды.

Шығарманың соло бөлімдерін америкалық опера әншісі, сопрано дауысты  Энджел Блу және белгілі қазақстандық тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев орындайды. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев. Билеттің бағасы – 500 теңге.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев. Фото: Астана опера

Пролог пен эпилогтан тұратын екі көріністі «Корсар»балеті «Астана опера» театрында 6-7 шілде күндері қойылады. Қойылымдағы Медора рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анель Рүстемова сомдайды. Қойылым Байронның теңіз қарақшылары туралы «Корсар» деп аталатын поэмасының желісімен жазылған. Шығармада махаббат пен жауыздық, ашкөз саудагерлердің күлкілі әрекеттері мен романтикалық көріністер бейнеленеді. Билеттердің бағасы 500 теңгеден басталады.

7 шілдеде «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасын «Астана балет» театрының әртістері көрермендер назарына ұсынады. Концерттің бағдарламасына енгізілген хореографиялық миниатюралар мен спектакльдердің үзінділері ұлттық дәстүрлер туралы әңгімелейді. Әрбір номер арнайы музыканы, бірегей көркем суреттерді, пластикалық тілдің өзіндік ерекшелігін және салт-дәстүрге деген нәзіктік қарым-қатынасты сипаттайды. Билеттердің бағасы 1000 теңгеден басталады.

Театр-цирк қойылымдары

1 маусымнан 2 қыркүйекке дейін бейсенбі-жексенбі күндері әр кеш сайын «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде елорда тұрғындары мен қонақтары «Алпамыс» театр-цирк қойылымын тамашалай алады. 2 сағаттық қойылымның оқиғасы сценарий бойынша бұрынғы Бозоқ қаласының көшелері мен алаңдарынан басталады. Батырдың тарихы сөздің қолданылуынсыз, тек музыкамен, қимылмен, акробатикалық нөмірлерді орындау және арнайы эффектілерді пайдалану арқылы көрсетіледі.

Бағдарламада белгілі ресейлік қоюшы-режиссер Сергей Козин дайындаған Дю Солей циркінің 70-тен астам артисі өнер көрсетеді. Шоу билеттерінің құны — 2000 теңгеден 5000 теңгеге дейін.

Ат спорты жарыстары
Ат спорты жарыстары. Фото: informburo.kz

Сонымен қатар этноауылда қазақ музыкасы мен театр өнерінің фестивальдері, қолөнер шеберлік сабақтары, қолөнер және көркемөнер көрмесі, ат спорты мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Этноауылға кіру тегін.

ХІV Халықаралық «Еуразия» фестивалі

Орталық Азиядағы ең ірі кинофорум 1 шілдеде басталып, бір аптаға созылады. Фестивальдің ресми бағдарламасына 12 толықметражды және 30 қысқаметражды фильм ұсынылған. Байқаудан тыс бағдарламада Орталық Азиядағы түркітілдес фильмдер мен 2017-2018 жылдары үздік деп танылған қазақстандық фильмдер, халықаралық фестивальдердің үздік кинолары мен Мәскеудің Шығыс-Батыс кинофестивалінің ретроспектив фильмдері көрсетіледі. Көрсетілімдерге кіру тегін.

«Еуразия» кинофестивалі 14 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді және осы жылдарда әлемдік кино жұлдыздары фестивальде қонақ болды. Осы жылы қызыл кілемде «Қара аққу» фильмінде басты рөлде ойнаған «Сезар» сыйлығының лауреаты, француз актеры Венсан Кассель, сербиялық актер, кинорежиссер Эмир Кустурица, «Адельдің өмірі» фильмінде ойнаған танымал француз актрисасы Леа Сейду, «Соңғы император» фильмінің монтажы үшін «Оскар» сыйлығын иеленген серб және орыс актеры Милош Бикович қонақ болады. Қазақстандық киноиндустрия өкілдерінен «Айка» фильміндегі үздік әйел рөлі үшін «Канн» кинофестивалінің жүлдесін алған Самал Еслямова келеді.

КТА ойындары

Халықаралық КТА ойындары 4 шілдеде өтеді. «Барыс Арена» мұзайдынында жоғарғы лиганың 7 командасы: «Борцы», «Плюшки», «Раисы», «Русская дорога», «РУДН», «Союз»,»Спарта Номад Астана», және премьер-лиганың қатысушылары — «Қорғалжың Астана» командалары «Еуразия кубогына» таласады. Билет бағасы — 4000 теңге.

Қазақстан құрамасы
Қазақстан құрамасы. Фото: В контакте желісінен

Ойын күндері «Барыс аренаға» арнайы автобустармен баруға болады. Көліктер ойынға қаланың төрт нүктесінен: «Қазақстан» спорт кешенінен, «Жастар» сарайынан, «Капитал циркінің» тұрағы мен «Нұр Астана» мешітінен 3 сағат бұрын жүреді. Билет құны — 90 теңге, жол жүру билеттері жарамсыз.

Арнайы театрлар фестивалі

Қазақстанда тұңғыш рет «Wide World — Ұлы дүние» арнайы театрлар фестивалі өтеді. 4-6 шілде аралығында Елорданың Оқушылар сарайында төрт театрдың: Мәскеудегі «Недослов» театрының, Санкт-Петербордағы саңыраулар театрының, Киевтің «Радуга» театры мен Астананың Active Life театрының артистері өнер көрсетеді. Қойылымның ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жандардың еш кедергісіз заманауи өнер туындыларын көрсете алуы. «Astana Active Life» театрының әртістері «Қызыл алма» комедиясын, «Недослов» Мәскеу театры  «Мұнда құстар ән айтпайды» драмасын, Санкт-Петербург театры «Петербургтегі махаббат» трагикомедиясын, Киев театры «Пері» музыкалық драмасын қояды. Спектакльдерге кіру тегін.

Афиша
Афиша

ХХ ғасырдың 50 туындысы Третьяков галереясынан

Третьяков галереясының коллекциясындағы картиналар көрмесін 6 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Ұлттық музейден тамашалауға болады. Көрмеге келушілер орыс көркемсурет өнерінің дамуына үлес қосқан, дәуірдің бейнесін анықтайтын жаңа стилистикалық тенденциялар мен бағыттар жасаған суретшілердің жұмыстарымен таныса алады. Көрменің «Кірпіш балта» бөлігінде орыстың танымал көркемсуретшілері — Петр Кончаловский, Илья Машков, Александр Куприн, Роберт Фальк және Аристарх Лентулованың картиналарын кездестіруге болады.

"Тракторшылардың кешкі асы" картинасы
«Тракторшылардың кешкі асы» картинасы. Фото: kp.ru

Бұдан бөлек, келушілер өздеріне балалық шақтан таныс кітаптарды көре алады. Оның ішінде Федор Решетниковтың «Қайтадан екі», Татьяна Яблонскаяның «Таңертеңгілік», Владимир Стожаровтың «Зығыр», Аркадий Пластовтың «Тракторшылардың кешкі асы» сияқты кескіндеме өнерінің оқулықтары да бар. Билеттер бағасы 1000 теңгеден басталады.

Балуандар шайқасы

1 шілдеде Астанадағы «Барыс аренада»  «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді. Жекпе-жектің күрделі болатын түрі бар. Себебі бүкіл елден 30 үздік балуан, соның ішінде «Әскер барысы» турнирінің 2 жеңімпазы чемпион атағы үшін бәсекеге түседі. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық, диплом, алтын белдік және тайтұяқ бейнесіндегі алтын құйма беріледі.

Балуандар
Балуандар. Фото: kazakhstanbarysy.kz

Турнир аяқталғаннан кейін көрермендер арасында автокөлік ойнатылады. Билеттер құны — 500 теңгеден 5000 теңгеге дейін. Турнир сағат 12.00-де басталады.

Жағалаудағы концерттер

9 шілдеге дейін әр кеш сайын эстрадалық және классикалық «Қайырлы кеш, Астана» концерті өтеді. Амфитеатрға кіру тегін.

Караоке чемпионаты

Кез келген қала тұрғындары мен қонақтары «Бәрі ән шырқайды» ашық қалалық караоке чемпионатына қатыса алады. Астана қаласы әкімінің кубогы үшін күрес «Жастар» сарайында 5-6 шілде күндері өтеді.

Гала-концерт және от шашу

Мерекелік іс-шаралар 6 шілдеде «Қазақ елі» монументінің алаңында өтетін гала-концертпен аяқталады.

Мерекелік от шашу
Мерекелік от шашу. Фото: informburo.kz

Онда танымал қазақстандық және шетелдік әншілер өнер көрсетеді. Қазақстандықтардың арасында: Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Каракат Әбілдина, Кәмшат Жолдыбаева, Сара, Ардақ Балажанова мен MadMen, «Алашулы», Format топтары өнер көрсетеді. Headliner — Оңтүстік Кореялық жігіттерден құралған Boyfriend тобы. Бес сағаттық концерт 20.00-де басталады және от шашумен аяқталады. Кіру тегін.