Нұрәділ Ғабит Нұрәділұлы — «Бал-Ара» Қазақстан омарташылар Ұлттық одағы мен Еуропалық омарташылар одағы, Апиславия қоғамдық ұйымдары федерациясының вице-президенті. Ол 1966  жылы 30 мамырда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге келген. 

42 жасымда омарташылықпен кәсіби түрде айналысып бастадым

Жоғары оқу орндарын инженер-металлург, қаржыгер мамандықтарында оқыдым. 5 жыл көлемінде мамандық бойынша қызмет атқардым. 1989 жылдары қазақ тілінің жанданып, мемлекеттік тіл мәртебесін алаған кезінде тіл жанашырларының бірі болдым. Сөйтіп, «Өрлеу» бастауыш ұйымын құрып аударма жұмыстарын жүргізіп, қазақ тілін дамытамыз деп «Этносфорум» қоғамдық қорын құрып біраз жыл тіл үшін еңбек еттім.

Ғабит Нұрәділұлы
Ғабит Нұрәділұлы шаруа барысында. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

2008 жылы республикалық инновациялық индустриялық бағдарламасы қабылданған кезде тұңғыш үкімет басшысы болған Сергей Терещенко маған омарта шаруашылығын зерттеуге ұсыныс жасады. Зерттеу барысында дүниежүзінің бірнеше елінде болып, тәжірибе жиналды. Атқарылған жұмыстар нәтижелі болу үшін Сергей Терещенконың бастамасымен 2010 жылы «Бал-Ара» омарташылар одағын құрдық. Одақтың съезін өткіздік, бастапқы бағдарламалары қабылданды. Сөйтіп 42 жасымда омарташылықпен кәсіби түрде айналысып бастадым. Негізінде бұл кәсіп маған жат емес, анамның ағасы айналысқан. Жастайымнан нағашымның ара өнімдерінен көптеген дәрі-дәрмектер жасап, бал шайқағанын көріп алғаш қызығушылығым оянды.  

Футболшы болуды армандадым

Бала кезімде футболшы болуды армандадым. Пелеге еліктеп, футбол үйірмесіне қатыстым. Арманым орындалмады. Кейін бала арманыма өзім жетпесем де ұлым жетсін деп футбол академиясына бердім. Сөйтіп ол футболдан шетелге жарыстарға шығып, жүлделі орындар алып жүрді. Кейін ұлым қазақ-түрік лицейіне оқуға түсіп, білім жолын қуды. Футболмен айналысуға уақыты жоқ. Қазір 10-сыныпты бітірді. Ол омарташылыққа қатты қызықпайды. Сонда да, 11 сыныпты бітіргеннен кейін дәрігер мамандығында оқып, науқастарды арамен емдеп, аппитерапиямен айналысу ойында бар. Қазір омарташылық бойынша Францияда өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысып жатыр.  

Ғабит Нұрәділұлы
Бал аралар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл кәсіппен айналысуыма бұрын мемлекеттік қызметте жүргенімнің үлкен пайдасы тиді. Омарташылардың Елбасына, Үкіметке жазған хаттарынан Қазақстанның дүниежүзілік омарташылар одағының құрамына қосыла алмай, шетелдің тәжірибесін бөлісуге мүмкіндігі жоқ екендігін естіп, 2011 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында болып, 170-ке жуық мемлекеттен құралған Апимондия омарташылар одағына мүше болдық. Кейін жүз жылдық тарихы бар Апиславия еуропалық омарташылар одағын біріктіретін одаққа кірдік. Одағымыздың қаржы турасындағы мәселесін Сергей Терещенко шешіп келеді. 

Қазақстанның балы Қытайға экспортталады

«Бал-Ара» омарташылар одағы – қоғамдық ұйым. Мемлекет қаржыландырмайды. Сергей Терещенконың басшылығымен және қолдауымен жұмыс істейді. Одақтың құрамында бірнеше қазақстандық омарташылар бар. Одақ оларға несие береді. Яғни, омарташыларға одақ түрлі бал игеруге, шайқауға арналған автоматты құрылғылар мен ара ұяшықтарын берсе, мұны омарташылар ақшамен емес балмен өтейді. 80-ге жуық кәсіпорын осындай несиеге ие болды. Қазіргі уақытта олар Қазақстандағы белсенді де ірі кәсіпорынға айналды. Омарташының негізгі міндттерінің бірі өзінің шығарған өнімін тұтынушыларға жеткізу. Одақтың тағы бір қызметі кәсіпорындарға өнімдерін сатуға көмектеседі. Олар жақсы омарташы болса да, жақсы саудагер болмауы мүмкін. Осы мәселені шешу мақсатында Қытаймен келісімшартқа отырдық. Нәтижесінде 4 омарташылар кәсіпорыны Қытайдың лицензиясын алды. Қазіргі уақытта Қазақстанның балы Қытайға экспортталады. Дүниежүзінде 1 миллион 300 мың бал өндірілетін болса оның 300 мыңын Қытай өндіреді. Бастапқы орындарда Аргентина, Түркия, Украина елдері тұр. Сонымен қатар, «Бал-Ара» омарташылар одағы омарташы болғысы келетін жастардың шетелде білім алуына, омарташылықты бастаған мамандардың біліктілігін арттыруына жол ашады.  

Ғабит Нұрәділұлы шаруашылықпен таныстыруда. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Омарташылықты үйренгісі келетіндерді шетелде тегін оқытамыз

Қазіргі уақытта 70-ке жуық баламыз шетелде ақысыз оқып жатыр. Білім алуға Еуропалық омарташылар одағы қаржылай көмек көрсетеді. Польшаның Пшчеля Воля қаласында дүниежүзілік  омарташыларды оқытатын оқу орны бар. Сонымен қатар Словакия қаласында да қазақстандықтар білім алып жатыр. Машав бағдарламасы бойынша жылда Израилде білім алуға мүмкіндік бар. Онда одақтың құрамындағы 20-30 омарташы біліктілігін арттыруға барады. Ресейде омарташылар академиясы бар. Сол жерде алғашқылардың бірі болып өзім де оқыдым. Сонда жыл сайын қазақстандық омарташыларды оқуға жібереміз. Бұл академияда оқудың тиімділігі қашықтықтан оқуға болады. Ресейлік ғалымдар Қазақстанға келіп сабақ береді. Тек диплом қорғағанда ғана Ресейге барады. Мұның бәрі Қазақстан омарташыларының біліктілігін артырып, әртүрлі субсидиялар иеленуге мүмкіндік береді.  

9 және 11 сынып бітірген оқушылар Еуропа елдерінде оқи алады. Басты талап 18 жасқа толмаған және мектептегі оқу үлгерімі жақсы болуы керек. Кейін баланың тәртібі мен отбасылық жағдайына қараймыз. Бастапқы кездері оқуға барып, шетелге үйренісе алмай елге қайтып келгендер болды. Одағымыздың омарташыларды оқытуға бағытталған оқу орталығы мен сайты бар. Жыл сайын өзіміз Қазақстанның барлық өңіріне барып омарташылықты насихаттаймыз, білім алуға шақырамыз. Ниет білдіргендер «Бал-Ара» омарташылар одағының оқу орталығына хабарласуы керек. Кейін орталықта Польшаға немесе Словакияға оқуға түскендер тіл үйренуге кіріседі. 1 қыркүйекте басталатын сабаққа дейін бала тілдің бастапқы деңгейін меңгеруі керек. Білім алу ақысыз. Дегенмен жол ақысы, жатақханасы мен тамағына бала өз қалтасынан ақша шығарады. Оның бәріне 1 айға орта есеппен 100 еуро кетеді. Ол қаржы Қазақстанда оқығанда да жұмсалар еді. Бір оқу жылында екі рет демалыс болады. Бірақ біздің оқуға кеткен студенттердің ерекшелігі жазғы демалыста елге келмей Еуропаның ең мықты омарта шаруалығында жұмыс істеп, жыл бойы өзі жұмсаған қаржыны қайтарып алады. Орта есеппен айын 1500 еуродай жалақы алады. Алғаш болып Еуропада оқыған түлектеріміз дипломдарын алып, қазіргі кезде одақта жұмыс істеп жүр.  

Ресейде оқуға жас шектеуі жоқ, ал Израилде оқу үшін омарташының жасы 50-ден аспау қажет. Дегенмен Шығыс Қазақстанда да омарташылық саласы бойынша орта білім беретін екі омарташылар колледжі бар. Онда 9 және 11 сынып бітірген талапкерлері қабылдайды. Сонымен қатар Алматыда ұлттық аграрлық университетте омарташылар кафедрасы ашылды. Осы жылы Астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте бір студент доктарантураны аяқтады. Қазіргі уақытта бакалавр дәрежесін алуға омарташы мамандығының коды құрастырылып жатыр. Өзім жылына онға жуық шәкірт тәрбиелеймін. Жақында Алматы қаласындағы кәсіпорындардың бірінде энергетик қызметін атқаратын кісі жұмысынан демалыс алып, менен аралар отбасын сұрап Кеген, Нарынқол жаққа алып кетті.  

Ғабит Нұрәділұлы
Бал аралар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл мамандықтың қартаюы дүниежүзілік мәселеге айналып отыр. Себебі бала кішкентайынан омарташы боламын деп армандамайды. Адамдар бұл кәсіпке көбіне орта жастан бастап араласа бастайды. Омарташылық көбіне ұрпақтар сабақтастығы арқылы беріледі. Бұл кәсіп бұрын атадан балаға беріліп келсе, қазіргі кезде нағыз пайда табу көзіне айналдыруға болады.

Мемлекеттен көмек бар. Бірақ аз…

Омарташылық саласына мемлекеттен аз да болса көмек беріледі. 2016 жылдан бері ауыл шаруашылық министрлігінің агрокомпетенция біліктілік орталығы омарташылыққа қызығушыларды тегін үйретуді қолға алған. Онда омарташылар біліктілігін арттырып, сертификатқа ие болады. Сонымен қатар мемлекет асыл тұқымды араларды асырайтын омарташыларға субсидия береді. Қазіргі уақытта осы аталған екі көмек іске асырылуда. Мемлекетке біздің тарапымыздан араны үзбей қоректендіру үшін тізбек жасау мен омарташылыққа енді аяқ басқан азаматтар қаржыландырылса деген ұсынысымыз бар. Дегенмен қазірдің өзінде облыстарда ауылшаруашылық қорлар арқылы омарта шаруашылығымен айналысамын дегендерге 6 пайыздан 4 миллион теңгеге дейін қаржы беріледі.  

Қазақстанда өмір сүруге 3 араның тұқымы бейімделген

Қазақстанда 12 мыңға жуық омарташы бар. Атырау және Маңғыстау облыстарында омарташылық мүлде жоқ десек қателеспейміз. Себебі, онда өсімдіктің гүлденуі жоқ, табиғат мүмкіндік бермейді. Ал, Алматы облысы, Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан облыстарында омарташылық саласы жақсы дамыған. Қазақстан жылына орта есеппен 8 мың тонна шамасында бал өндіреді. Бізде 550 мыңға жуық аралардың отбасы бар. Стационарлық жағдайда бір ұяшықтан 20-30 келі бал алуға болады. Көшетін болса 100-110 келіге дейін бал алуға болады.  Қазақстанда өмір сүруге 3 араның тұқымы бейімделген. Олар: орта орыс арасы, карпатка және карника. Бүгінде Марқакөлде қазақстандық араның популяциясы шығарылып, өмір сүріп жатыр.

Ғабит Нұрәділұлы
Бал аралар үйі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстанда бір жерде тұрақты стационарлық омарта жасау үшін ол жердің көлемі үлкен болу керек, ол жерге әртүрлі гүлдейтін өсімдіктердің тұқымдарын алып, себу керек. Аралар жердің қолайсыздығынан бір жерде ұзақ тұрақтай алмайды. Омарташылықты кәсіпке айналдырғандардың 90 пайызы бір маусымда 4-5 рет көшіп отырады. Көшу көп болған сайын өнім де көбірек өндіріледі. Ал, омарташылықпен әуесқой айналысатындар көшпей, бір жерде асырай береді. Оларға көп өнімнің қажеті жоқ. Аралар қоректенетін тұқымдардың гүлдену тізбегі үзілмеу керек. Мысалы, силфия маусымда гүлдесе, келесі айда гүлдейтін доник өсімдігі, бірінен-кейін бірі гүлдейтін акация, липа сияқты өсімдіктерді өсіру керек. Сонда ғана аралар жақсы қоректенеді.  

Қазақстандық омарташылар арасында аса қатты бәсекелестік жоқ. Дегенмен тұтынушыларды өз өнімінің сапалы екенін, әсіресе балының құрамына қант қосылмағанын айтып, басқа бал өндірушілерден ерекшеленуге тырысады. 

Омарта шаруашылығы — нағыз пайданың көзі. Сіз сиыр, жылқы немесе түйе асырау кәсібімен айналыссаңыз оған міндетті түрде бақташы алу керек, оған жалақы төлеу, малға азық сатып алу керек болады. Ал араға бақташының қажеті жоқ. Ол өзі жайылады, өз қорегін өзі табады. Аралар қыста ұшпайды, демалады. Омарташылар наурыздан бастап қазан айына дейін жұмыс істейді. Қалған уақытта маусым бойы жинаған өнімін тұтынушыларға жеткізеді, біліктіліктерін арттырып, семинар, тренингтерден тәжірибе жинайды.  

Ғабит Нұрәділұлы
Ғабит Нұрәділұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бір араның ұяшығында орта есеппен 100 мыңға жуық ара болады

Өкінішке орай қазақстандықтар жылына 38 келі қант пайдаланатын болса, 1 адам жылына 50 грамм бал тұтынады. Балдың құрамында сахароза жоқ, глюкоза, фруктоза және тағы басқа адам ағзасына пайдалы заттар бар. Араның балдан басқа да шығаратын өнімдері бар. Олар: гүл тозаңы, араның уы, аналық сүт, прополис т.б. Олардың әрқайсысының адам ағзасына пайдасы бар. Мысалы, аналық сүт. Бір араның ұяшығында орта есеппен 100 мыңға жуық ара болса, оның ішіндегі әрбір араның өмір сүру ұзақтығы көп болса 40 күн. 30-40 күннен кейін ара қартаяды, ағзасы тозады. Бірақ сол омартаның ішінде өмір сүріп жатқан аналығы орта есеппен 5 жыл өмір сүреді. Себебі, аналығы аналық сүтпен қоректенеді. Сонда сүт аналық араның басқаларға қарағанда 10-20 есе ұзақ өмір сүруіне көмектеседі. Балмен уқалау арқылы адам денесіне жиналған тұздарды тазалайды.

Ақпан айынан бастап күн жылынса аралардың тазалану, ұшу кезеңі басталады. Олар енді қыс бойы ұяшықтың ішінде отырғаннан кейін олардың асқазаны зәрге толады. Наурыз айынан бастап аралардың ұяшықтарының ішін әр түрлі ветеринарлық тексеруден өткіземіз. Аралардың қандай ауруға тап болғаны сол кезде білінеді. Оны емдейміз, тазалаймыз. Осы кезде қамырды балға илеп араларға берсе, олар қуат жинап, өз күштеріне ене бастайды. Сонымен қатар әртүрлі дәрумендер де араларды қоректендіреді. Араның аналығы тәулігіне 2 мың ұрық тастаса, аралардың өсу қарқыны тез болады. Бір маусымның ішінде 3 рет бал шайқалады. Күз айларында аналық ара тұқым себуді бәсеңдетеді, сөйтіп қысқа дайындық басталады. Ұяшық тазалап, араларды емдеу жұмыстары жүргізіліп, әртүрлі дизенфекция шаралары жасалады.  

Ғабит Нұрәділұлы
Ғабит Нұрәділұлы шаруа барысында. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сонымен қатар омарташылықпен айналысқан адам қарапайым адаммен салыстырғанда ұзақ өмір сүреді. Алысқа бармай-ақ Талғат Бегелдиновты алсақ. Ол екі мәрте Кеңес Одағының батыры, сұрапыл соғысты көрсе де өмір бойы омарташылықпен айналысты. Соның арқасында 90 жасқа дейін өмір сүрді.  

Бізде 3 мыңға жуық өсімдік өссе, оның 10 пайызы ғана омарташылыққа пайдаланылады. Омарташыларға ең қолайлы ауа райы: күн мен жаңбырдың алма кезек келіп отыруы. Биылғы ауа райы омарташылға қолайсыз болды. Себебі, көктем  мен жаздың басы суық болды аралардың ұшуына мүмкіндік болған жоқ. Сонымен қоса суық кезде гүлдердің шырындары жабылып қалады. Күн де үнемі шығып тұра беретін болса да тиімсіз. Өсімдіктің қурап кету қаупі бар. Сондай кезде араның ағзасын қалпына келтіру мақсатында қант араласқан ерітінді, сироптар береді. Онымен қоректенген ара аса сапалы өнім бере алмауы мүмкін.

Омарташылықтың қағидалары: құпияларыңды басқа омарташылармен бөлісу; өзге омарташыларға  зиян келтірмеу.

Балдың сапасын анықтаудың тиімді жолдары

Қазақстанның шекарасы ашық болғандықтан Еуразиялық одаққа мүше елдердің балдары елімізге келіп жатыр. Көбіне сырттан келген өнімдердің құрамында қант мөлшері көп болады. Сондықтан балдың сапасын анықтаудың ең тиімді жолы — зертханадан өткізу. Дегенмен үй жағдайында білгіңіз келсе: бал көзбен көрген кезде екіге бөлінбеуі қажет және құтысының қақпағын ашқан кезде оның ерекше иісі болу керек. Дәмін татқанда нағыз балдың дәмі сезіледі. Балды сапырған кезде оның беті тегіс болуы, шұңқыр қалмауы тиіс. Қараша, желтоқсан айында бал міндетті түрде кристалдану керек. Негізі өзіміздің Қазақстанның омарташылары өндірген балдың сапасы жақсы болады. Себебі, қазақстандық омарташылардың сапасыз өнім өндіруі екіталай. Қулық жасайтын кезеңге әлі жеткен жоқпыз.  

Ара туралы, оның өнімдері туралы Құран Кәрімнің 68-69 сүрелерінде жазылған. Ол жерде «ара шығарған өнімді адам ағзасына пайдаланып, тазалығын сақтасын» делінген. Араның тек адамның денсаулығына емес, қоршаған ортаға да тигізетін пайдасы орасан зор. Мысалы, қара топырақтың құнарлылығын қалпына келтiруде де араның маңызы зор.

Ғабит Нұрәділұлы
Ғабит Нұрәділұлы шаруа барысында. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Өзім туралы

Отбасымда жолдасым, қызым және ұлым бар. Жолдасым «Бал-Ара» одағы оқу орталығының директоры. Қызым тұрмыс құрған, жиендерім бар. Қызым екеуміз Ресейдің омарташылар академиясын 2 жыл оқып, бітірдік. Біліктілігімдізді арттыру үшін жылда семинар тренингтерге барып тұрамыз. Израилдың 1 айлық біліктілікті арттыру курсында оқыдық. Әлемнің 30-дан аса мемлекетінде қонақ болдық. Аталған елдерден тәжірибе жинап, елімізде жүзеге асырудамыз.

Қызым полиграфия мамандығында институт бітірді. Бір-екі жерде мамандық бойынша жұмыс іздеп, тәжірибеден өтті. Дегенмен олар қызымды жұмысқа қабылдамады. Соған қарап қазіргі жастардың болашағы бұлыңғыр екендігін ойлап, қынжыламын. Менің қызым ғана емес қаншама жас оқу бітіріп, жұмысқа тұрмақшы болады. Бірақ жұмыс берушілер жастардың еңбегін қанап, жалақысын да жарытып бермей, құр босқа уақытын алатыны өтірік емес. Сөйтіп қызым Ресейде 2 жылдық омарташының оқуын оқып, өзімнің жаныма жұмысқа тұрды. Жақында, қыркүйек айының 9-13 аралығында Ресейде еуропалық омарташылардың конгресі өтеді. Үлкен жиынға қазақстандық омарташыларды да апарамыз.