Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстанда әкімді сайлауға қатысты жаңа ережелер енеді

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
ҚР парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Құжатты таныстырған ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин заң жобасы өткен сайлау науқандары барысында анықталған мәселелерді шешу және сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленгенін айтты.

Министрдің сөзіне қарағанда, түзетулердің бірі әкімді сайлауда қайта дауыс беру тәртібіне қатысты. Кандидаттар тең дауыс жинаса, аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру туралы шешім қабылдайды.

Сонымен қатар кандидаттарды ұсыну процесі де нақтыланды. Енді бір адам бір уақытта әрі мәслихат депутатығына, әрі әкім лауазымына кандидат бола алмайды. Сонымен қатар бірнеше сайлау округі бойынша әкімдікке кандидат ретінде тіркелуге тыйым салынады.

Заң жобасында онлайн-платформалардағы сайлауалды үгіт мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Егер кандидат белгілі бір саяси партиядан ұсынылса, ол партияның ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларын қосымша келісімсіз пайдалана алады. Бұдан бөлек, кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаржыландыру тартуға тыйым салынады.

Сенімді тұлғалар институтына қатысты талаптар да күшейеді. Енді тек 18 жасқа толған Қазақстан азаматы ғана сенімді тұлға бола алады. Сонымен қатар ол президенттікке, депутаттыққа немесе әкімдікке кандидат болмауға тиіс. Құжатта сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптар да қатаңдатылған. Сыбайлас жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтар комиссия құрамына кіре алмайды.

Сонымен қатар комиссия мүшелері лауазымдық өкілеттіктерін бұзған жағдайда ескерту алып, ал алты ай ішінде заңбұзушылық қайталанса, өкілетінен айырылуы мүмкін. Заң жобасында вахталық әдіспен жұмыс істейтін орындарда және қоғамнан уақытша оқшауланған азаматтар орналасқан мекемелерде сайлау учаскелерін құру мүмкіндігі де қарастырылған.

Серік Жұманғариннің айтуынша, енгізілетін түзетулер сайлау процесінің ашықтығын арттырып, оған қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Естеріңізге салайық, парламент палаталарының бірлескен отырысында «ҚР президенті туралы» жаңа конституциялық заң жобасы таныстырылды. Құжатты депутаттарға әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды.