Андрей Аршавин қазір қазақ тілін үйреніп жүргенін айтты

Аршавин биылғы қыста екі жақты келісіммен Краснодардың «Кубанымен» арадағы келісім-шартын үзген болатын. Наурыз айында ол «1+1» схемасы бойынша «Қайраттың» ойыншысы атанды.

Алматылық клубтан кейін футболшылық мансабын тоқтату ықтималдылығы туралы қойылған сұраққа футболшы: «Негізі, солай болатын шығар», деп жауап берген.

35 жастағы спортшы сондай-ақ қазақ тілін үйренгісі келетін-келмейтіні туралы сұраққа да жауап қайтарыпты.

«Мен үйреніп те жатырмын. Шын мәнінде біраз сөздерді білемін. Мысалы, қар дегеніміз – снег, ал орталық – центр. Қазақ тілі – мен үшін қиын тіл, бірақ уақыт өте келе тым болмаса ол тілде жұрттың не айтып жатқанын ұғатын хәлге жете алатын шығармын деп ойлаймын», – деді Аршавин.

Бұдан бұрын Андрей Аршавин Санкт-Петербургтің «Зениті» (1999-2008, 2012, 2013-2015) мен Лондонның «Арсеналында» (2009-2013) өнер көрсеткен. Ол «Зениттің» құрамында Ресейдің үш дүркін чемпионы атанды, екі рет турнирдің күміс медалінің иегері болды, бір-бір реттен УЕФА Кубогі мен Суперкубогын, Ресей Суперкубогы мен премьер-лига Кубогын жеңіп алды. 2002-2012 жылдары Ресей құрамасы сапында хавбек ретінде 75 матч ойнап, 17 гол салды. Команданың капитаны дәрежесінде 2008 жылы Еуропа чемпионатында қола медальге қол жеткізді.