ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Жастар саясаты департаменті мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған қазақстандық жастарға арналған байқау екі тақырыпта өтті. Біріншісі, «Астана – бейбітшілік пен жасампаздықтың ордасы!»/ «Астана — город мира и созидания» (Мемлекет басшысының еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған жаһандық сыртқы саяси және ішкі саяси бастамаларын көрсететін бейнебаян), ал екіншісі «Астана – жастар қаласы!»/ «Астана – город молодежи!» (Қазақстан мен Елорда жастарының жетістіктерін насихаттауға бағытталған бейнебаян).
2018 жылдың 22 маусымнан 3 шілдесіне дейін өткізілген байқауға қатысу үшін бүкіл қазақстаннан барлығы 33 үміткер бейнеролик жібергендігін айтқан ҚР Дін істері азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов таңдаудың оңай болмағанның айтады.
«Отыздан астам өтініш келіп түскендіктен арнайы комиссия ішінен ең үздігін таңдау барысында қиналды. Себебі, байқауға қатысушы жастардың барлығы жобаға тың көзқараспен қарап, бізге өте қызықты бейнероликтер жіберген. Сондықтан жүлделі орындардан бөлек «Көрермендер көзайымы», «Креативті бейнебаян» және «Елордаға арналған ілтипат» ынталандыру номинацияларын қостық», — деді департамент басшысы.
Байқау комиссиясының қорытындысы бойынша, «Астана – бейбітшілік пен жасампаздықтың ордасы» тақырыбын жан-жақты аша білгені үшін семейлік Айдын Антеев үздік атанды. Ол достарымен бірлесіп Қазақстан және Астана туралы қатарластарының көзқарасын білдірген. Екінші орын алған павлодарлық Рауан Қайдаров Қазақстан мен Астананың жетістіктері баяндалатын күй шырқаған. Үшінші орынды Қызылорда облысының тұрғыны Салтанат Рзаева иеленсе, Ақтөбе облысының тұрғыны Лев Тырышкин «Көрермендер көзайымы» ынталандыру грамотасымен марапатталды.
Ал «Астана – жастар қаласы» тақырыбы бойынша үш орынды да астаналық жастар жеңіп алды. Бұл аталымда бірінші орынды иеленген Карина Шайкенова өзінің бейнеролигінде Елорданың өсу қарқынын жастардың дүниетанымымен баяндаған. Бейнеролик басталғанда «жас, ойы ұшқыр, арманы асқақ, мақсаты айқын», «мені салқын дейді», «бірақ мен жас болсам да, қанатымды кеңге жайдым» деп, соңында « Мен – Астанамын» деген сөзбен аяқтайды.
«Менің бейнеролигімнің өздік шытырман оқиғасы бар. Бастапқыда мен көрермендермен өзімнің тарапымнан оқиғаны баяндап жатқандай боламын, соңында бұл Астананың дауысы болып шығады. Мұндағы мақсатым Астананы өзгеше құттықтап, ерекше мән-мағына бере білу болды. Роликтің басты кейіпкері мен еркінмін, менің мүмкіндіктерім шексіз дейді. Бұл шындық. Маған үлкен қаланың ырғағы ұнайды. Астана үлкен қалалардың бірі ретінде адамға өзінің мақсаттарына жетуге , ырғағын сезінуге мүмкіндік береді. Маған тіл үйреніп, өз-өзімді дамыта түсуім керек екенін сеземін», — деді байқаудың жеңімпазы Карина Шайкенова бұл бейнеролигі жөнінде
Бұл тақырыпта екінші орынды Айша Сейлова, үшінші орынды Аймұхамед Қалмаханов иеленді. Ал «Креативті бейнебаян» ынталандыру грамотасы Арнай Ботановқа, «Елордаға арналған ілтипат» ынталандыру грамотасы Арман Жасталапқа тапсырылды.
Конкурстың жүлделік қоры 700 мың теңге. Айта кетерлігі, екі тақырып бойынша 1-орын жеңімпаздарына 150 мың теңгеден, 2-орын жеңімпаздарына 120 мың теңгеден, 3-орын жеңімпаздарына 80 мың теңгеден сыйақы табыс етілді.