4 жылда бір келетін әлемдік спорт жарысына екі адамға жолдаманы Мадалидің әкесі Мейрамбек Исабеков жеңіп алған. Ұтысты McDonald`s Қазақстан компаниясы ұйымдастырды. Танымал мейрамханалар желісінен тамақтануға барып, ұтысқа қатысқан Мейрамбек Исабеков 9 жастағы ұлымен бірге әлем чемпионатының финалын тамашалауға мүмкіндік алды.
«Ұтыс туралы мейрамханадан тамақтануға барғанда білдім. Төлем жасаған соң, кассир бізге купонды ұсынды. Ұтысқа тіркелген кезде мұндай бақытқа кенелетінімді білген жоқпын. Компаниядан хабарласып, әлем чемпионатының финалына жолдама ұтып алғанымды айтқанда бес баламның үлкені Мадалимен баратынымды бірден айттым. Ұлымыз екеуміз футболдың жанкүйері болғандықтан әлем чемпионатының финалын тамашалауды армандадық. Арманымның орындалғанына қуаныштымын», — дейді Мейрамбек Исабеков.
Мейрамбек Исабековтың айтуынша, әлемдік додаға қатысу үшін дайындықты қазірден бастап кеткен. Олар ағылшын тілін үйреніп, ойындарды жібермей тамашалап жүргенін айтты.
Кездесудің басты оқиғасы — ұтыстың басты жеңімпаздарына финалдың билетін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан мен «Қайрат » футбол клубының ойыншысы Андрей Аршавин табыстады.
«Футбол чемпионатының финалын өз көзіммен тамашалайтыным үшін, әлем халқы назарын аударып отырған алаңда ең үздік футболшының қолынан ұстап шығатыным үшін қатты қуаныштымын. Осындай мүмкіндікті сыйлаған ата-анама, қолдау білдіріп отырған бауырларыма, достарыма алғысым шексіз», — деді жеңімпаз Мадали Исабек.
Сонымен қатар, әлемдік додаларда ұлттық құрама сапында Қазақстан намысын қорғайтын үздік футболшы атануды армандайтын Мадали әлем чемпионатында Бразилия құрамсына жанкүйер екенін және алаңға футболшы Неймармен бірге шығуды қалайтынын айтты.
Осы тұста футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының және «Қайрат» футбол клубының капитаны Бауыржан Исламхан: «Мадали, финалда өнер көрсететінің үшін құттықтаймын, аман-есен барып, келуіңе тілектеспін. Мұндай мүмкіндікке ие болғысы келетіндер көп, ал сен арманыңа жеттің. Саған, тек сәттілік тілеймін. Жолың болсын!», — деп ұтыс жеңімпазын құттықтады.
Сонымен қатар футболшы 9 жасында мұндай жетістікке жетпегенін тіпті футболға 10 жасында барғанын да жасырмады. Мәскеуде өтетін әлем чемпионатының финалына жолдама алған Мадалиге «Қайрат» футбол клубының ойыншысы Андрей Аршавин де сәттілік тіледі.
«Мадали, сен әлем чемпионатының финалындасың, ал ең үздік деген команда футболшыларына финалға дейін әлі талай тер төгу керек. Мен сені құттықтаймын. Алдағы үлкен шарада сәттілік тілеймін. Бүкіл әлем көз тіккен спорт жарысында футболшылармен ілесіп шығатын 22 адамның қатарына ілігіп отырсың. Бұл үлкен жетістік. Мұндай мүмкіндік кез келген адамға беріле бермейді», — дейді футболшы Андрей Аршавин.
Аршавиннің айтуынша, 9 жасар астаналық Мадали Исабек әлемнің түкпір-түкпірінен іріктелген 22 адамның қатарына еніп отыр. Олар финалға шыққан команда ойыншыларының қолынан ұстап, алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетсек, мейрамханалар желісі осы жылдың 29 наурызы мен 31 мамыры аралығында өткен «әрбір түскі аспен жеңіске жету мүмкіндігі көбірек» науқанын өткізген болатын. Науқанның нәтижесінде 13 жеңімпаз анықталды. Оның 5-і ширек финал ойындарына, 4-і жартылай финал ойындарына, 3-і ақтық финал ойындарына билет және 1-і финалда ойнайтын екі команданың ойыншыларының бірімен ілесіп шығу мүмкіндігіне ие болады. Айта кетейік, Әлемдік доп додасының финалы 15 шілдеде Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтеді.