Еңбек, еңбек, еңбек бәрін жеңбек. Иә, егер адам дәл осы қағидамен ғана өмір сүрсе, ол адам емес, «жеңімпаз» роботқа айналар еді. Жұмыстан қолыңыз қалт етіп, жан дүниеңіз сергуді қаласа, бірақ қайда, қалай барарыңызды білмесеңіз, сізге өз ұсыныстарымен «Давай сходим!» көмекке келеді. Ал олардың осы көмегіне жүгінбейтін бүгінде астаналықтар мен алматылықтар кемде-кем.

«1 жыл тегін жұмыс істедік»

«Давай сходим!» идеясы ең бірінші досымыз Бақдәулет Исаевқа келді. Мақсатымыз – Вконтакте желісіндегі аудиторияға шынымен қажетті паблик ашу еді. Оның қашан келгені де есімізде бар (күледі). Бұл 2012 жылдың 8 мамыры еді. Бақдәулет Исаев қазір біздің Астанадағы филиалымызды басқарып, сол жақтағы жұмысымызды жүргізіп отыр. Бізге алматылықтарды қызықтырып, өзіне тартып тұратын атау керек болды. Ойымызға келген алғашқы сөз «Давай сходим!» болды, бір ауыздан келісіп осы атауды таңдадық.

Бақдәулет Исаев
© szh.kz

Өзіміз осы проблемамен әрдайым соқтығысып жүрдік. Алматыға оқуға келіп, бос уақытта қайда қыдырарымызды білмейтінбіз. Жастардың көбі клубтарға, пабтарға барады. Бірақ қарап тұрсақ, Алматыда өте көп демалатын орындар, жиі өтіп жататын әртүрлі іс-шаралар бар. Олар туралы БАҚ-та ақпараттар беріледі, бірақ бәрі әр жерде шашылған, жүйесіз болатын. Еш жерде бөлек бір агригатор болмады. Осы мәселені шешетін бір өнім жасау керек және онымен өзіміз айналысамыз деп шештік.

Бұған дейін sen-ushin.kz сайтының паблигін жүргізетінмін, басқа social media-да маман болып жұмыс істеп жүрдім. Сол кезден өзімізге тәжірибе жинай бастадық. «Давай сходим!» идеясы келген соң, барлық күшті, фокусты осы жобаға салдық. Себебі мұнда болашақ бар екендігіне анық көзіміз жетті.

Алишер Тойгулиев
© szh.kz

Бір жылдан кейін ғана аяққа тұра бастадық. Осы уақыт аралығында тегін жұмыс жасадық. Біздің дамуымызға «Давай сходимға» жазылушылардың да үлесі зор болды. Олар бізге жеке әлеуметтік желіде хаттары арқылы алғыстарын білдіріп, жұмысымызға сәттілік тілеп отыратын. Мұның өзі бізге үлкен күш беретін.

Ал бүгінде серіктестеріміз өте көп. Үлкен студиялармен, іс-шаралар ұйымдастыратын агенттіктермен байланысамыз. Компаниялар бойынша Алматының барлық ең үлкен деген мейманханаларымен, беделді қонақ үйлерімен жұмыс жасаймыз. Атап айтсақ, The Ritz Carlton қонақ үйі, Parmigiano Group, 3 Group, AB Restaurants, CHINA GOLD, ZOLOTO тәрізді ресторандар желісімен, сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігімен де белсенді жұмыс жүргіземіз.

Давай сходим Бақдәулет Бекжанов пен Алишер Тойгулиев
© szh.kz

Қателік

«Давай сходим!» сайтында «добавить событие» [шараны қосу – авт. редак.] деген функция бар. Кез келген адам алдымен сайтқа тіркеліп, ұйымдастыратын іс-шаралары туралы материалдарын бізге жібереді. Біз оны тексеріп, өңдеп сайт бетіне шығарамыз. Бірақ осы функция арқылы келіп түсетін ұсыныстар әзірге өте аз. Бұл яки көпшілік адамның оны түсінбеуінен, яки ерінгендіктерінен. Бізге қоңырау соғып, келісім жасау жеңіл көрінетін болар.

Іс-шараның дұрыстығын тексеру – маңызды процестің бірі. Ол алдымен ұйымдастырушының өзін зерттеуден, танудан басталады. Компанияларды ұдайы тексеріп отырамыз. «Қандай іс-шара?», «тақырыбы бізге сай келе ме?», «жазылушыларға қызық па?» – осы  сұрақтарға баса назар аударамыз. Біз жарияламайтын ақпараттар тізімі өте үлкен. Біріншіден, темекі, алкоголь брендтары туралы ақпараттарға, эзотерика, бал ашу тәрізді дүниелерге мүлде жоламаймыз. Бірақ бізге небір күмәнді ұсыныстар келіп жатады.

Бақдәулет Бекжанов
© szh.kz

4 жыл ішінде түрлі қызық жайттарды басымыздан өткердік. Бірде әкімдік Алматыда кешкі сағат 10-да от-шашу болады деп бізге ақпарат жіберді. Біз оны аудиториямызға жеткіздік. Өте көп аудитория жиналды, барлығы бір-бірімен бөлісіп жатты. От-шашуға екі сағат қалғанда, әкімдік ауа райына байланысты шара жарты сағатқа бұрын болады деп хабарлады. Біз ол ақпаратты да жарияладық, бірақ барлығы бірдей оны ашып қарай бермейді ғой. Біреулер көшеге шығып кеткен, біреулер алыстан келе жатыр. Кешкі сағат 10 болғанда, от-шашудан ештеңе қалмаған еді (күледі). Форсмажорлық жағдай болса да, аудиториямызды осылайша өкпелетіп алдық. Біздің қателік емес еді, бірақ белгілі мөлшерде бізде де жауапкершілік бар. Көбінесе «Давай сходим!» жобасының астындағы «Almaty Today» парақшасын әкімшілікпен шатастырып алады (күледі).

Давай сходим Алматы
© szh.kz

Рекордтық көрілім — 23 000 адам

Вконтакте мен Инстаграм желілеріндегі бір жарияланымның орташа құны — 22 мың теңге. Сайтқа ақпаратты тегін жариялаймыз. Тек бірінші бетке шығару ақылы. Барлығына бір ақпаратты береміз. Себебі идеяның өзі – осында. Адамдар әртүрлі болады: бірі әлеуметтік желіні қолайлы көрсе, сайтқа ғана кіруді жөн санайтындар да бар. Негізі сайтта ақпарат молырақ. Себебі онда орын да, арнайы бөлімдер де көп. Мұнда күніне 40-қа жуық, ал әлеуметтік желіде шамамен он жарияланым жарық көреді. Барлығы ақылы емес әрине. Бізде арнайы редакция жұмыс істейді. Олар қалада болып жатқан тегін іс-шараларды, әкімдік ұйымдастыратын шараларды бөлек қарастырып отырады. Қайырымдылық, мемлекеттік театрлар, музейлердегі шаралар жайлы тегін ақпарат береміз.

Сайттағы көрілім тұрақты деп айтуға келмейді. Бірақ күнделікті кіріп-шығатын үш мыңдық аудиториямыз бар. Біздің жариялаған мақалаларымызға байланысты ол бірде көтеріліп, бірде түсіп отырады. Мысалы, Алматы маңындағы 5 міндетті түрде бару керек орындар туралы мақала бір күнде 23 000 көрілім жинады. Осы мақала арқылы аудиториямыз тағы күніне 15 мыңға толықты. Өз есебіміз бойынша, алдағы уақытта тұрақты аудиториямыз күніне 10 000 болуы керек.

«Әлеуметтік желілерге үлкен өзгерістер келе жатыр»

Алғашқы жылы тек Вконтактеде 30-40 мың шамасындағы аудиториямыз болды. Қазір барлық желілерді қосып есептегенде 960 мыңнан асады. Бүгінгі жетістігімізге сендік. Өйткені пайдалы өнім жасайтынымыз анық еді. Алайда күмән күнде келіп кетеді ойымызға. Мысалы, әлеуметтік желілерді кез келген уақытта жауып тастау қауіпі жоқ емес.

Бақдәулет Бекжанов пен Алишер Тойгулиев
© szh.kz

Желіде үлкен жаңалықтар болып жатыр. Америкадағы өзгерістердің бізге келу-келмеуі де мүмкін. Әркім өзіне қажетті әлеуметтік желілерді бөліп алуда. Бізге қазір Снапчат келе жатыр. Бұған біраз адам тіркеледі деп ойлаймыз. Ал Вайн бізде жабылып қалды. Себебін ешкім білмейді. Инстаграмда видео қосылуының мотивациясы Вайннің келуінен туындаған еді. Жаңа форматтарға аяқ басамыз. Болашақта енді олар жай ғана қарым-қатынас құралы, жай ғана контент қабылдау болмайды.

Әлеуметтік желінің бизнеске ықпалы өте зор. Он жыл бұрын бізге интернет келді. Ол кезде интернет-жарнама дегенді де білмейтінбіз. Жарнамаларды көшеге желімдеп жүретін едік. Газет, журналдарға беретінбіз. Бұл бизнес әлі де бар алайда. Алғаш әлеуметтік желілер пайда болғанда, кей бизнесмендер дер кезінде мүмкіншіліктерін қолданып қалды. Уақытында ауқымды аудитория жинап, желіде бизнестерін дөңгелете білді. Интернет-маркетингті ұтымды қолданғандар бірінші орындағы компания болып шыға келді. Желі бизнестің сипатын айтарлықтай өзгертіп жіберді. Қазір көпшілігі өздерінің сайттарын да ашып жатпайды. Үйінде отырып бизнес жасайтындар көп.

Болашақта Facebook, Вконтактеге интернет-дүкен қосайын деп жатыр. Қазір Вконтакте іс-шараларға билет сатуды көздеп отыр. Бұл – үлкен қадам. Біраз компанияның проблемасына айналатын қадам. Әлеуметтік желі бәрін өзіне қарай тартып, бір сөзбен айтқанда, жұтып келе жатыр. Олар өзіне барлық ақпаратты, сервисті қосуға тырысады. Осы тұста жеке сервистер қинала бастайды. Егер мықты өнімің болмаса, әлеуметтік желілер сенің идеяңды өзіне қосып алады, соңында сенің өнімің ешкімге қажетсіз болып қалады. Себебі ол жерде дайын аудитория бар, ақпарат түгел, тіркелудің еш қажеті жоқ. Көп нәрсе әлі де өзгереді.

Қазір әлеуметтік желілерге қатысты жаңа заң дайындалып жатыр, себебі оның ықпалын билік те біліп отыр. Желіде бір зат сату үшін заңды түрде тіркелуің қажет болады. Қазір осыған орай Инстаграмда салық төлеушілер тізімі жасалғалы жатыр. ИП [жеке кәсіпкер – авт. редак.] ашу керек болады. Бұл hand made, әшекей бұйымдар сату тәрізді үйде бизнес жасайтындарға қолайсыздық тудырайын деп тұр. Бастапқы кезеңде қиын болады әрине. Алайда бұл тәртіп үшін, жүйелілік үшін тиімді. Ал біз салық төлейміз, бізде бәрі – заңды (күледі).

«Клиент үшін ешкіммен төбелесе алмаймыз, өкіншке орай»

Бәскелестеріміз жоқ. Қазір барлық әлеуметтік желі, сайт бойынша да бірінші орындамыз. Бәсекелессіз жаман әрі қызықсыз. Біз өте үлкен сферада жарнама берушілермен жұмыс жасаймыз. Егер бәсекелестер болғанда, олардың әрқайсымен бөлек жұмыс жасап, түсіндіріп, жұмысымызды жеңілдетер еді. Қазір жарнама берушілердің спектрін созатын, нарықты кеңітетін әріптестер керек. Алдымызға келген жарнама берушілердің барлығын өзіміз оқытып, түсіндіру жұмыстарын жасап отырамыз. Клинет үшін ешкіммен «төбелесе де» алмаймыз (күледі). Олар өздігімен бізге ағылып келіп жатады.

Бақдәулет Бекжанов әріптестерімен бірге
© szh.kz

«Давай сходимді!» басқарып отырған үшеуіміздің де негізгі мамандығымыз – IT маманы. Бірақ біздің жұмысымызда маркетолог, менеджер, арасында журналистің қызметі кірігіп кеткен. Бұның бәрі өзімізге қызық. Жаңа дүниелерді көріп, өзіміз үшін жаңа әлемді ашып жатырмыз. Студент кезімізден қызықты сайттар жасадық. Ол процесс те оңай емес еді. Біріншіден, сайтты жасау, ары қарай оған аудитория әкелу – жұмыстың 80%- ы десе де болады. Егер осы аталғанның бәрін бір адам жасап шықса, ол адамда нақты бір тәжірибе болады.

Алғаш жасаған жобаларымыз бізді осыған әкеліп отыр. Дәл сол біліммен бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Ол білімді бізге еш жерде бермейтін де еді. Өйткені бізде ондай арнайы оқу орындары жоқ. Интернет арқылы өзіміз оқимыз, зерттейміз, курстарға барамыз. «Маркетинг в сети», «Маркетинг без бюджета» деген тәрізді кітаптарды оқыдық. Шындығында жеке өзімізге ол кітаптардың көмегі аса тие қоймады. Көбіне осы салаға қатысты Ресей мамандарының мақалаларын оқимыз. Олар біздің мектебіміз болды деп айтсақ та болады. Бірақ бізде «метод тыка» [байқап көру және қатеден сабақ алу – авт. редак.] бірінші орында.

«Давай сходим» — Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды

Қазір тағы бір бағытты қолға алып жатырмыз. Ол – «Давай сходимнің» мобилді приложениесін [қосымшасын – авт. редак.] жасап шығару. Бұған жарты жыл шамасында қол жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұл сфераның да өз ойыншылары, үздіктері бар. Мұнда да бірінші орынға шығуға талпынамыз.

Сонымен қатар, Алматы мен Астанадан бөлек тізімге басқа қалаларды да қосумен айналысудамыз. Қазір Шымкенттегі аудиторияға ендік. Одан кейінгі кезекте – Ақтөбе, Қарағанды қалалары. Бұл қалалардан филиалымыз ашылса, қалай жұмыс істегенімізге, қандай қателіктерді бастан өткергендігімізге куә өзімізден бір адам жібереміз.

Алдағы уақытта сайтымызды үш тілді етеміз деп қарастырып жатырмыз. Қазақша нұсқаға қажеттілік әзірге жоқ. Аудиториядан мұндай ұсыныс тіпті жоққа жақын. Болашақта біз оған бәрібір келеміз. Әр сайттың үш тілде болғаны өзіне жақсы. «Давай сходим!» туристер үшін де қажетті ақпараттар қоржыны десек те болады. Ағылшын тілін қосу жайлы қонақ үйлерден, агенттіктерден ұсыныстар көптеп түседі.

Біздің негізгі табыс көзіміз әлеуметтік желілер арқылы келеді. Ал сайтты ашудағы мақсатымыз бөлек. Қазірдің өзінде аудитория Вконтактеден жайлап жылжып жатыр. Адамдар лентаны оқығысы келмейді. Инстаграмда видео пайда болғалы вовлечение [қызықтыру – авт. редак.] азайды. Аудиторияның біраз пайызы лайк басқысы, мәтін көрсе, оқығысы келмейді. Мұндай өзгерістердің орын алуы – заңды. Әрі мұндайға қашан да дайын болу керек. Бұл – басқа бір жаққа бірден секіріп кете салатын, ойнап жүретін алаң емес. Аудиторияны тұрған орнынан басқа жерге қоя салуға келмейді. Ал сайт – база, дата центр, ақпарат ошағы. Ары қарай қандай да бір өнім жасасаң да, сайтқа жүгінесің.

«Әкеміз – кәсіпкер»

Өзімізді ешқашан кәсіпкер ретінде санап көрмеппіз. Бірақ сырттан қарағанда кәсіпкерлікпен айналысып отырмыз (күледі). Алайда біздің мақсат – ақша табу емес, ісімізден ләззат алу. Бұл болмаса, мына тірліктің барлығының қажеті не?

Бақдәулет Бекжанов
© szh.kz

Осы саланы меңгергеннен кейін, ақшаны қайда құйып, қалай жарату керектігін білеміз. Қалтаңа саласың ба, бір орында тұрған ақша өз құндылығын жоғалтады. Әсіресе, біздің бүгінгі инфляцияда. Жаратасың ба, бір күнде жоқ болады. Айналым болмаса, қызық та болмас еді. Бастапқыда нөлмен жұмыс істедік. Ол ғана емес, өз табысымызды да салып жіберіп отырдық. Егер ақшаны ғана көздесек, баяғыда миллионер болып кетер едік. Бірақ олай жасауға болмайды. Бұл онда бізді қолдап отырған аудиторияға жасаған үлкен әділетсіздік болар еді.

Алишер Тойгулиев
© szh.kz

Бұлай ойлауымызға әкелеріміздің де кәсіпкер болуы себеп шығар, бәлкім. Бірақ олар мүлде басқа саламен айналысады. Біздің тірлікті, бір сөзімізді де түсінбейді (күледі). Алайда олардың рухани қолдауы бізге жеткілікті шабыт береді.

«Алматыдағы көп талдың егілуіне себепші болдық»

«Давай сходимнің» ресми жетістіктері деп award.kz тағайындаған әр түрлі номинациясы бойынша алған 1-орындарды айта аламыз: «Үздік дизайн», «Желілік сервистер» және «Сайт-жаңалық – 2015». Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің қолдау көрсеткендігіміз үшін алғыс хаты бар.

Жақында өте қызық оқиға болды. «Алматы – гүл қала» атты кез келген тұрғын тал егуіне болатын фестиваль ұйымдастырылды. Бұл туралы ақпаратты Фейсбукқа шығардық. 4000-ға жуық шейр болып кетті. Адамдар өте көп жиналды. Ұйымдастырушылар, тіпті осы шараға демеушілік еткен депутат «Не істейміз? Талдар таусылды, ақша таусылды,- аудитория әлі де звондап жатыр, келіп жатыр» деп көмек сұрады. Бұл біз үшін өз алдына бір жетістік болды. Мұның барлығы — аудиторияның, әлеуметтік желінің күші. Біздің мотиваторымыз – осылар.

«Давай сходимнің» бір күні

Жұмыс күні таңғы сағат 10-нан басталады. Алдымен поштамызды тексереміз, сервистерді қадағалаймыз, жаңа бағыттарға байланысты мақалалар оқып, уақыттың бәрін пайдалы өткізуге тырысамыз. Түскі асты осында немесе кеңсеге жақын жердегі асханалардың бірінен ішеміз. Жұмыс арасында сергу үшін «футбол» ойнаймыз, кино көрем деушілерге жағдай жасалған. Серіктестерімізбен байланысамыз. Қолы бос адам редакция жұмысына көмектеседі. Бізде иерархия жоқ. Еркін атмосферада жұмыс істейміз. Жұмыс күні 19.00-ге дейін жалғасады. Кеңседе қалып жұмысын одан әрі жалғастырушыларға кедергі жоқ.

Давай сходим
© szh.kz

Кәсіпкерден 5 кеңес

  1. Әділ бол! Кәсіпте ғана емес, кез келген салада шыншыл бола біл. Жүрегің таза болса, ісіңе береке кіреді. Қолыңнан келетін, келмейтін істі мойындай білу – даналық.
  2. Өзіңе сүйікті істі тауып ал. Оның жоқ болуы мүмкін емес.
  3. Тоқтама. Өз-өзіңе жаңа ашулар сыйла. Әр мүмікіндікке қол созып, ілініп кетуге тырысу керек.
  4. Жаспын деп өзіңді шектеме, уақытыңды тиімді пайдалана біл. Отызында орда бұзбаған, қырығында қамал ала алмайтынын ескер.
  5. Осы төрт қағиданы мықтап ұстан.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Балжан Балташева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.