Тәжірибесі жоқ қызметкер шарт қоя алмайды
Әрине, жаңа қызметке орналасарда жұмыс берушіге көп шарт қою қарапайым қызметкер үшін қиынға соғады. Алайда, жұмысқа кірерде өзіңнің қалауыңды жеткізудің зияны жоқ. Егер сізді көп талапкерлердің ішінен таңдап алған болса, сіздің түйіндемеңіз оларға ұнады деген сөз. Жұмыс тәжірибесі жоқ маман да жұмыс берушіге шарт қоя алады. Егер жұмысқа кірмес бұрын басшылықпен нақты келісімге келіп алмасаңыз, жұмыс кезінде көптеген қиындықтар туындауы мүмкін.
Жұмыс табу үшін бәріне келісу керек
Ұсыныстардың көп болғаны жақсы. Ал басқа жұмыс табуға мүмкіндігіңіз болмай тұрғандықтан барлық шарттар мен талаптарға келісу — ақымақтық. Қызметкерге керек ең басты нәрсе — өз-өзіне деген сенімділік. Өз-өзіне сенімді адам ешқашан жұмыссыз қалмайды.
Жақсы ұсынысқа лайық емеспін
Егер жұмыс беруші сіз күткеннен жоғары жалақы ұсынса, бас тартпай қабыл алыңыз. Берген дүниені қуана қабылдай білу керек. «Жақсылықтан жақсылық іздеме» деген принципті ұстанбаған абзал.
Жалақым экономикалық дағдарысқа байланысты
Елдегі экономикалық жағдай ондағы халықтың әлеуметтік жағдайына жанама әсерін тигізуі мүмкін. Алайда, кез келген салада кәсіби мамандарды табу қиын. Кәсіби мамандарға дағдарыс кезеңінде жұмыс істеу тіпті қиындап кетеді. Сондықтан, олардың жалақысы экономикалық дағдарысқа байланысты қысқармауы тиіс.
Жалақы туралы барлық мәліметті ғаламтордан таба аламын
Дамыған дәуірде барлық ақпаратты ғаламторан табуға болады. Бәрақ, ол ақпараттың нақтылығы мен анықтығын болжап білу мүмкін емес. Өз салаңыз бен қызметіңіз туралы ақпаратты сенімді ақпарат көздерінен немесе осы салада жүрген тәжірибелі таныстарыңыздан сұрап білген дұрыс.
Әйелдердің жалақысы ерлерден төмен
Жалақы туралы өте кең тараған мифтің бірі — әйелдер мен ерлердің жалақысы тең емес. Демократиялы елдерде мұндай шектеу жоқ. Шектеу тек халықтың санасында. Әрине әйелдердің мансап жолында көтерілуі қиынырақ. Декретке шығатындықтан жалақылары аз болуы да мүмкін. Бірақ кәсіби маман қашанда бірінші орында. Тіпті, кез келген қызмет түрі ер мен әйелге арналған деп бөлінбейді. Сондықтан, әйелдердің жалақысы ерлерден төмен болады, бұл үйреншікті жағдай деген аңызға сенудің қажеті жоқ.
Жалақымды көтеруден бас тартса ше?..
Егер сіз өзіңіздің жақсы маман екеніңізді, еңбекқор әрі жауапкершілігі мол маман екеніңізді түсінсеңіз, ал айлығыңызға көңіліңіз толмаса, басшылықпен сөйлескеніңіз дұрыс. Жалақымды көтеруден бас тартса қайтем, бұл әңгімені бастамай-ақ қоюым керек еді деген ойлардан аулақ болыңыз. Тәуекел етіп, сұрап көріңіз. Бәлкім бастығыңыз белсенділігіңізді, еңбегіңізді бағалап көтеріп қалар.
Бастысы білікті маман болу. Ал жалақы — сіздің еңбегіңіздің материалдық өтеуі. Осыны ұмытпаңыз.